457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Мәйіттік донор үш адамның өмірін сақтап қалды

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында үшінші рет жүректі трансплантациялау операциясы жасалды. Бұл туралы  Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.  


5 сағатқа созылған күрделі операцияны кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев UMC «Жүрек орталығы» №2 кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Светлана Новиковамен, сондай-ақ анестезиологтар мен кардиохирургтармен бірлесіп жүргізді. 

Алматы қаласының Орталық қалалық ауруханасына түскен 40 жастағы ер адам донор болды, дәрігерлер пациенттің ми өлімін растады.

Жүрек Алматы облысы Талғар қаласының тұрғыны 43 жастағы ер адамға трансплантацияланды. Ол ишемиялық кардиомиопатияға, жүре пайда болған жүрек ақауына, митральды қақпақша қызметінің жеткіліксіздігіне, 26% шығарылу фракциясы төмендеген созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігіне,  2022 жылы инфарктқа шалдыққан. Науқаста аздаған дене қимылы кезінде ентігу, жүректің дұрыс жұмыс істемеуі, жалпы әлсіздік, бас айналу шағымдары болды. Емдеуге қарамастан, жағдайы жақсармады, жүректің көп бөлігі тыртықтан тұрып, жиырылмады.

Трансплантациядан бұрын оған бірнеше рет стент қойылған, кардиовертер-дефибриллятор имплантацияланды. Аурудың қолайсыз болжамын ескере отырып, ағымдағы жылдың қаңтарында UMC мамандары LVAD имплантациялау ұсынған, бірақ науқас бас тартты. Емдеуден нәтиже болмағандықтан жүрек трансплантациясын күту тізіміне қойылды.

Жүрек трансплантациясы бүгінгі күні жүрек қызметі жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы науқастарды емдеудегі «алтын стандарты» болып табылады. Өкінішке орай, ондай пациенттердің саны жылдан жылға артып келеді. Трансплантацияны қажет ететіндердің барлығына трансплантация жасау мүмкіндігі шектеулі, себебі донорлық орган жетіспейді. Мысалы, 2025 жылғы 10 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда жүрек трансплантациясын күту парағында 139 ересек және 7 бала тұр, - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.

Науқас донорды көп күткен жоқ. Жүрек трансплантациясы сияқты операциялар көп адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп үміттенеміз, - дейді клиника басшысы.

Марат Орумбасарұлы, UMC «Жүрек орталығы» мен Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығына көмек пен қолдау көрсеткені үшін алғысымыз шексіз, деді.

Институттың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев: «Жүрек трансплантациясы - соңғы сатыдағы жүрек қызметі жеткіліксіздігінің ең тиімді терапиясы. Бұл операция басқа емдеу қажетті нәтиже бермеген жағдайда жасалады.  Қазір науқастың жағдайы тұрақты, оң динамикасы бар. Реанимация бөлімшесінен ол бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Енді ол толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алды.

Донордың жүрегі ғана емес, сонымен қатар 2 балаға бүйрегі трансплантацияланғанын, сонымен қатар екі мөлдірқабықтары алынғанын айта кету керек.

Фото: UMC «Жүрек орталығы»