Қазақстанда 4 мыңнан астам адам ағзасын ауыстыруға кезекте тұр

Қазақстанда 4 мыңнан астам адам трансплантация кезегінде тұр. Оның ішінде 3723 науқас бүйрекке мұқтаж. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы төрағасының орынбасары Шоқан Қаниев айтты.
Спикердің сөзінше, 2024 жылы Қазақстанда ішкі органдарды ауыстыру бойынша 250 операция жасалды. Бұл – бір жыл бұрынғымен салыстырғанда едәуір көп. Мәселен, 2023 жылы мұндай 200 операция жүргізілген. Олардың басым бөлігі тірі донордан алынған.
227 отада науқастарға туыстары донор болса, 23 жағдайда қайтыс болғандардың органдары пайдаланылды. Еліміз бойынша 4 мыңнан астам адам трансплантация кезегінде тұр. Олардың көбі – бүйрекке мұқтаж (шамамен 3723 адам), оның ішінде 80-і – бала. Бұдан бөлек, 100-ге жуық бала бүйрекке, бауырға және жүрекке мұқтаж, – дейді ол.
Айтуынша, Алматыда соңғы екі жылда екі күрделі операция сәтті өтті. Мысалы, 23 жастағы науқасқа 53 жастағы әйелдің жүрегі салынды. Ал 2025 жылдың сәуір айында А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының мамандары алғаш рет үш бүйректі қатар ауыстыру отасын жасады.
2021 жылдан бері бұл жүйе елімізде келісім арқылы жүзеге асып жатқанына қарамастан, небәрі 6,5 мың адам ғана қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім берген. Ал 90 мыңнан астам адам бас тартқан. Қоғамда қорқыныш, күмән көп. Кейбір наным-сенімнің де әсері бар. Адамның миы өліп, жүрегі тоқтағанда ғана донор бола алады және ол арнайы комиссияның бақылауымен жүзеге асады – мұны әлі де түсінбейтіндер бар, – дейді Шоқан Қаниев.
Қазақстанда жеті трансплантация орталығы жұмыс істейді. Оның үшеуі Астанада, біреуі Алматыда, қалғандары Шымкентте, Ақтөбеде және Түркістанда орналасқан.
Мыңдаған адамның өміріне араша түсу үшін донорлар базасын ұлғайтуымыз керек. Ол үшін әр азамат бұл іске жауапкершілікпен қарап, қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім беруі тиіс. Осы арқылы сіз біреудің өмірін құтқарып, оның өмірін ұзарта аласыз, – деп толықтырды Шоқан Қаниев.
Фото: Canva


Ең көп оқылған
