Ақтөбеде қырылған киіктер саны 108-ге жетті

Әйтеке би ауданы аумағындағы Қайрақты өзенінде 108 киік өлексесі табылды. Оның 60-ы аталық, 48-і аналық. Киіктің бәрі өзеннен шығарылып, көмілді.
Сол жерден 10 мың киік өткен. Өзенде қазір су азайған, бірақ терең су қалған. Киік су ішуге келген. Екінші жақ басы қамыс, содан өте алмай қалған. 10 мың киікті елестетіңіз, бір-бірін таптап тастайды. Біздің болжам, тұжырым осы. Сонымен бірге облыстық экология департаменті судан сынама алды. Ветеринария саласының мамандары да сынама алып, сараптама жүргізіп жатыр. Сараптама қорытындысын қосымша хабарлаймыз. Адам зардап шеккен жоқ. Ол жерде 22 адам, 8 техника жұмыс істеді, — деді Ақтөбе облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаев.
Оның айтуынша, Ақтөбеде киік саны 300 мыңнан асады.
Фото: скриншот