Ақтөбе мешітіндегі оқиға: Рүстем Жүгінісов көпшіліктен кешірім сұрады

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Ақтөбедегі мешіттердің бірінің ауласында ер адамның жасөспірім қызға қырындаған сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Malim.kz.
Полиция бұл жағдайды назарға алып, ер адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырғанын және істің сотқа жолданғанын хабарлады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, өзгеге тіл тигізу, орынсыз сөз айту, әсіресе әйелдерге қолайсыз пікір білдіру ислам әдебіне сай келмейтінін және айыпталатынын баса айтты.
Желіде бұл жағдай қызу талқыланып, қоғам өкілдері түрлі пікір білдірді. Әнші Рүстем Жүгінісовтің: «Қыз бала немесе әйел адам мешітке ағасымен немесе күйеуімен бірге келуі керек» деген пікірі көпшіліктің ашуына тиді.
Кейінірек Рүстем Жүгінісов Instagram парақшасында түсініктеме беріп, эмоцияның әсерімен айтқан сөздеріне өкінетінін жеткізіп, жұртшылықтан кешірім сұрады:
"Бұл жағдайдағы ер адамның әрекеті – айқын қателік. Ал мен өз ойымды қаттырақ жеткізіп қойғанымды түсіндім. Біз зайырлы елде тұрамыз, әркімнің өз таңдауы бар. Айтқан сөздерім үшін көпшіліктен кешірім сұраймын, ешкімді ренжіткім келген жоқ," – деп жазды әнші.
Фото: видеодан скрин

Ең көп оқылған
