Ақтөбеде ломбардтар желісінің иесі, танымал кәсіпкер ұсталды

Ақтөбеде ірі “Актив“ ломбардтар желісінің иесі, кәсіпкер Сергей Койнов ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz Қаржы мониторингі агенттігіне (ҚМА) сілтеме жасап.
Агенттік ломбардтар желісі арқылы заңсыз микрокредит беру схемасын әшкереледі. Олар өзін комиссиондық дүкендер ретінде көрсеткен. Ведомство дерегінше, Қазақстанның бірнеше қаласында 200-ге жуық филиал жұмыс істеген.
ҚМА мәліметінше, Сергей Койнов бірқатар компанияны сенімді адамдардың атына рәсімдеген. Олар “Актив Маркет“ брендімен жұмыс істеп, тауар мен тұрмыстық техниканы сатып алумен айналысатын болып көрінген. Алайда іс жүзінде олар мүлікті кепілге қойып, заңсыз қарыз берген. Бұл ломбардтық қызметке жатады және лицензияны талап етеді. Комиссиондық дүкендер мен ломбардтар бір ғимаратта, бір қызметкерлермен жұмыс істеген.
"Қысқа мерзімді қарыздар (45 күнге дейін) бойынша ең жоғарғы сыйақы мөлшерлемесі күніне 0,3 пайыздан аспауы тиіс. Алайда Койнов компаниясы 15 күнге 16,2 пайыздық мөлшерлемемен қарыз берген. Бұл заңда белгіленген шектен 4 есе артық," – делінген ҚМА хабарламасында.
Осылайша, жүздеген мың азамат, соның ішінде зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасылар қарыз қақпанына түскен. Соңғы екі жылда заңсыз өндіріп алынған сома 3,5 млрд теңгеден асқан.
Сонымен қатар, табысты заңдастыру үшін Койнов аффилиирленген фирмалармен жалған келісімдер жасап, 1,9 млрд теңгеге бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу мен сүйемелдеу қызметін рәсімдеген. Кейін бұл қаражат дивиденд түрінде жеке депозитіне аударылған.
ҚМА дерегінше, қазір елдің барлық өңірінде 200-ден астам тінту жүргізілді, айғақты заттар тәркіленген. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Ведомство нақтылады: лицензиясы бар “Актив“ ломбардтарының жұмысы бұл тергеуге қатысы жоқ. Бірде-бір филиал жабылған жоқ, ал “Актив Маркет“ кепілге қойылған мүлік сол күйінде қалады.
Қазір ҚМА тағы 14 істі тергеп жатыр. Олар азаматтардан заңсыз өсім алған өзге микрокредит ұйымдарына қатысты. Жалпы, 15 адам күдікті деп танылған.
Агенттік кәсіпкерлерді микрокредит беру барысында қарыз алушылардың заңды құқықтарын сақтауға шақырып, заңсыз өсім алған жағдайда жауапкершілік қарастырылатынын ескертті.
Фото: видиодан кадр