Жанабыловтар ісі: Блогерлер түрмеге отыруы мүмкін

Астанадағы мамандандырылған әкімшілік сот блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты әкімшілік істі тоқтатып, материалдарды Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолдады, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Судья Малика Ноғайбекованың айтуынша, әкімшілік жауапкершілік тек қылмыстық бапқа жатпайтын әрекеттерге қолданылады. Бұл жағдайда блогерлердің ісінде заңсыз кәсіпкерліктің белгілері бар деп танылды.
Атап айтқанда:
Ерболат Жанабылов – «Элер» ЖШС атынан тіркелген, оның әрекеттерінде заңсыз кәсіпкерлікке қатысты қылмыстық іс қозғауға негіз бар.
Эльмира Төлегенова болса, азаматтарға курстарды сатып алу шартымен ақшалай сыйлықтар ұтыс ойындарын ұйымдастырған, бұл да заңсыз кәсіпкерлікке жатады деп көрсетілді.
Материалдар Қаржы мониторингі агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне берілді.
Айта кетейік, Ерболат Жанабыловтың Instagram парақшасына 8,4 млн, Эльмира Толегенованың парақшасына 7,1 млн адам жазылған. Олардың лотереялары мен ұтыс ойындары жиі миллиондаған қаралым жинап, әлеуметтік желілерде вирусқа айналады.
Фото: instagram.com/zhanabylov_e