457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Мас күйдегі адам көршісіне пышақ сұғып алды

Жамбыл облысында мас күйдегі ер адам көршісінен құрылыс құралдарын сұрап, одан бас тартқан соң көршісіне пышақ сұғып алған, деп хабарлайды Malim.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.


Шу аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға қыркүйек айында Төле би ауылында болған. Іс материалдарына сәйкес, сотталушы көршісіне барып, құрылыс құралдарын уақытша беруін сұраған. Алайда көршісі бас тартқаннан кейін екеуінің арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан.

Қақтығыс кезінде сотталушы үстел үстінде жатқан пышақты алып, көршісінің ішіне бір рет сұққан. Жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізілген.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін жеткізді. Оның әрекеті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша сараланды. Бұл бап бойынша 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сот айыпталушының кінәсін мойындағанын, өкінгенін және тараптардың татуласқанын ескерді. Жәбірленуші сотқа айыпталушыға шағымы жоқ екенін мәлімдеді. Ал қылмысты алкогольдік мас күйінде жасау — жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Сот ер адамды үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде өтеуге үкім шығарды.

фото: Kazinform