"Шағым жоқ": Таразда тапа-тал түсте қыз алып қашқандар тергеліп жатыр
Тараз қаласында автобус аялдамасынан қызды күштеп көлікке отырғызып әкеткен оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр. Ішкі істер министрлігі күдікті ретінде үш адам ұсталғанын хабарлады, деп хабарлайды Malim.kz.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істің тергеу барысы министрлік басшылығының ерекше бақылауында.
Бұған дейін әлеуметтік желіде куәгерлер түсірген видео тараған болатын. Кадрларда бірнеше ер адам қызды күшпен көлікке отырғызып жатқан сәт көрінеді. Қыз қарсылық білдіріп, айқайлап қарсыласқан, ал оқиға орнындағы адамдар оны құтқаруға тырысқанымен, нәтиже шықпаған.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, полицейлер оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаларды анықтап, тергеп-тексерген.
«Анықталғандай, тараптар бұған дейін бір-бірін таныған және өзара шағымдары жоқ», – делінген ведомство хабарламасында.
Бастапқыда іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы (“Адам ұрлау”) бойынша тіркелген. Алайда кейіннен оны “Неке қиюға мәжбүрлеу” бабына ауыстырған.
«Аталған бап қылмыстық заңнамаға соңғы жаңартулардың бірі ретінде енгізілген. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Ішкі істер органдары неке қиюға мәжбүрлеу мен азаматтардың жеке бостандығына қарсы кез келген әрекеттерге қатаң шара қолданады. Жаза бұлтартпай қолданылатынына кепілдік беріледі», – деді министрлік өкілі.
Фото:depositphotos.com