Ақтөбе облысында оқушы өліміне қатысты 6 жасөспірімге үкім шықты

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 14 жастағы оқушының өліміне қатысты алты жасөспірімге үкім шығарды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бесеуі алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше рет бұзақылық жасағаны және абайсызда адам өліміне әкелген ауыр дене жарақатын ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Алтыншысы абайсызда адам өліміне соқтырған ауыр дене жарақатын қасақана жасағаны үшін сотталды.
Сот мәліметінше, 2024 жылдың қыркүйегінде Темір ауданында 10 және 11-сынып оқушылары 9-сыныптағылар өздеріне құрметсіздік көрсетті деп шешіп, оларды соққыға жыққан. Салдарынан 9-сыныптың бір оқушысы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Кәмелетке толмаған айыпталушылар кінәларын ішінара мойындап, өкініш білдірді. Жәбірленушілер мен олардың заңды өкілдері соттан бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Сот жасөспірімдердің жасын жеңілдететін мән-жай ретінде, ал бесеуінің белсенді рөлін ауырлататын мән-жай ретінде ескерді.
Нәтижесінде үш жасөспірім 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, тағы үшеуіне 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ айыпталушылардың бірінің заңды өкілінен 5 миллион теңге моральдық өтемақы өндірілді.
Фото: pixabay