Қостанайда дәрігерді ұрған науқастан 2 млн теңге талап етілді

Қостанай облыстық ауруханасының уролог-дәрігер Антон Кистанов өзіне қол көтерген пациенттен 2 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы сұрап отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Айыпталушы Абылайхан Сәрінжіпов зиянды өтеуге дайын екенін сотта мәлімдеді. Қазіргі таңда сот процесі жалғасып жатыр.
Оқиға 2025 жылдың 17 шілдесінде облыстық аурухананың қабылдау бөлімінде болған. Сот материалдарына сәйкес, бүйрек шаншуы диагнозымен жедел жәрдем арқылы жеткізілген Сәрінжіпов бірнеше сағат бойы дәрігерді күткен.
Оның айтуынша, ұзақ күту және қызметкерлердің дөрекі сөйлеуі ашуға себеп болған. Ақырында ол дәрігерге қол жұмсап, ауыр жарақат салған.
Соққыдан кейін 34 жастағы уролог Антон Кистановқа «жабық бас-ми жарақаты, субдуралдық қан құйылу және бас сүйегінің негізінің сынуы» диагнозы қойылды. Жарақат ауыр санатқа жатқызылды. Дәрігер әлі күнге дейін жұмысқа оралмаған.
Еске салайық, оқиғадан кейін Президент дәрігерлерге жасалатын шабуылдардың алдын алу үшін заңнамалық шараларды күшейтуді тапсырған еді. Кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне күш қолданғандарға 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілетінін жариялаған болатын.
Фото: istockphoto.com