"Ақтөбе" клубының футболшылары 110 млн теңгеге бәс тіккен

Бұл деректі Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы анықтады. Ақпарат Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның депутаттық сауалына берілген ресми жауапта айтылған, деп хабарлайды Malim.kz Halyqstan телеграм арнасына сілтеме жасап.
Ведомство Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен бірқатар футбол клубтарына жүргізілген тексеріс нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтарды растады.
Атап айтқанда, келісілген ойындарды ұйымдастыру және букмекерлік кеңселерде бәс тігу деректері анықталған.
Тексеру нәтижесінде 9 ақтөбелік футболшының жалпы сомасы 110 миллион теңгеге бәс тіккені белгілі болды. Бұл әрекет олардың еңбек келісімшарттарында тікелей тыйым салынғанына қарамастан жасалған.
Осыған байланысты Федерацияға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізілді.
Жауап ретінде Федерация «Жол картасын» әзірледі. Құжатта аудит, қаржы және этика комитеттерін құру, сондай-ақ қаржылық тәртіпті нығайтуға бағытталған 33 іс-шараны жүзеге асыру қарастырылған.
Сонымен қатар тексеріс қорытындысы бойынша бірқатар кадрлық шешімдер қабылданды.
Федерация аппаратының басшылығымен, басқарушы директорымен, заң, операциялық және маркетинг департаменттерінің директорларымен, сондай-ақ интегритиді қамтамасыз ету қызметінің жетекшісімен еңбек шарттары бұзылды. Кейбір басшылар төменгі лауазымға ауыстырылған.
Еске салайық, биыл 3 қыркүйекте Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Бас прокурор Берік Асыловқа ресми сауал жолдап, келісілген матчтарға тергеу жүргізуді сұраған болатын.
Депутат Қазақстанның келісілген матчтар саны бойынша әлемде төртінші орында тұрғанына назар аударып, бұл көрсеткіш ел футболында әділетсіз ойындардың кең таралғанын дәлелдейтінін айтқан.
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі