Экология министрі киікті санын реттеудің екі жолын айтты

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында киіктердің популяциясын қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты.
Еске салсақ, Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев киік санын реттеу мәселесін қайта зерделеуді тапсырған еді.
Біз киік санын реттеуге байланысты ғалымдар, сарапшылармен кездестік. Тағы бір кездесуді күтіп отырмыз. Ғылыми тұрғыда бәрін зерттеп, бүкіл жағдайды ескеріп, шешім қабылдауы керек, — деді Ерлан Нысанбаев журналист сұрағына берген жауабында.
Министр киік саны қалай реттелетіні туралы шешім биыл қабылданатынын айтты.
Иә, биыл қабылдаймыз деп ойлаймын. Киік санын реттеу дегенде екі түрлі тәсіл бар. Бірі — арнайы қаумалда ұстау. Екіншісі — әрине ату. Басқаша қандай жолы бар? Бірақ ғалымдар әзірге қарап жатыр, — деді ведомство басшысы.
Фото: ria.ru