«UTC +7»-ге өтсек, таң 10-да атар еді». Депутат уақыт белдеу дауына нүкте қойды
Оның сөзінше, Қазақстанның нағыз уақыт белдеуі «UTC +5»
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл уақыт белдеуі бойынша дау-дамайға қатысты соңғы нүкте ретінде пікірін білдірді. Депутат бұл пікірін әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның сөзінше, уақыт белдеуі қарапайым жолмен анықталады. Гринвич меридианынан (0 градус) әр 15 градуста шартты сызық солтүстіктен оңтүстікке қарай өтеді. Сол 15 градус (батысқа 7,5 градус, шығысқа 7,5 градус) аралығы географиялық уақыт белдеуі болып саналады.
Мысалы, UTC+5 белдеуі 75 градус шығыс бойлықта орналасқан, ал оның аралығы 67-82 градус шығыс бойлық арасында. Біздің ірі қалаларымыз қайда орналасқанына қарайық. Алматы – 76 градус ш.б., Астана – 71 градус, Шымкент – 70 градус. Өскемен – шекарада, 82 градус ш.б. орналасқан. Семей – 80 градус, Қарағанды – 73, Петропавл – 69, Жезқазған – 68 градус. Яғни, бұл қалаларымыздың географиялық уақыт белдеуі – UTC+5! «UTC+7-ге көшейік» деп жүргендерге айтарымыз, бұл белдеу – Таиланд уақытына сәйкес келеді, ал Таиланд Қазақстаннан әлдеқайда шығыста орналасқан, деп жазды ол.
«Тым ерте қараяды» дегенге де жауап берген. Оның сөзінше, қазір Астанада күннің ұзақтығы 9 сағатқа тең (желтоқсанда бұдан да қысқарады). Тәулігіне 16 сағат (24 сағат минус 8 сағат ұйқы) сергек боламыз. Сағат тілін ауыстырсақ та 7 сағат қараңғыда жүреміз.
«Ендеше кешке күнжарықта жүрейік» деп жүргендер таңертең екі сағат кешірек жарық болатынын айтпайды. Мысалы, қазір күн 7:20-да шығады, егер UTC+7-ге өтсек, таңғы жарық тек 9:20-да көрінетін еді, ал желтоқсанда тіпті 10-да ғана жарық болар еді, деп жазды ол.
Фото: wikipedia.org