Мақсат Халық, экономист: Инфляцияның үдеуі - халықтың төлем қабілетіне ауыр соққы

Теңге 10 пайызға құнсызданса, тауар бағасы 3 пайызға өседі

Бақытнұр Әлібай

  • 29.11.2024

Қазақстанды инфляция құрсауына алды. Астана мен Алматы қалаларындағы ақша айырбастау пункттерінде доллар 507 — 517 теңгеден саудаланып жатыр. Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін көтерді. Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру үшін 16 қарашадан интервенция жүргізуде, бұл мақсатта 1 млрд теңге жұмсалды. Бағаны тұрақтандыру шараларын қабылдай тұра, қымбатшылықты неге жеңе алмай отырмыз? Бұл өзгерістер экономикаға қалай әсер етеді? Malim.kz тілшісі осы сауалдарға экономист, сарапшы Мақсат Халықтан жауап алды. 


Қазір теңге қатты «ойнап» тұр. Бұл нарықтағы ең негізгі жаңалық. Оған, әрине, Ресей рублінің қатты құнсыздануы себеп болып отыр. Десек те, рубльдің құлдырауы теңгенің құнсыздануының бір себебі ғана. Өйткені, біздің өз ішімізде де біраз дүние қордаланып тұрған еді.

Бұған дейін Ұлттық банк интервенцияға дайын екенін айтқан. Бірақ, ол әңгіменің ауаны түсінікті-тін. Қашанғы интервенция жасайды?! Міне, аз ғана уақыттың ішінде 1 миллиард долларды «жағып» жіберді.

Алтын-валюта қорының 1 миллиард долларға азайғаны жақсы емес. Одан ары Ұлттық банк резервтерді сақтауды және бағамды ұстау үшін ақшаны «жаға» бермеу  керек екенін ұқты. Өйткені, алдағы уақытта мұнан да қиын кездер болуы мүмкін. Нарықта «доллар 1 мың, 2 мың теңге болады» деп жүрген спекулянттар да көп.

Бұл өзгерістер экономикаға қалай әсер етеді? Мақсат Халықтың пайымдауынша, бұл спекулянттардың әрекетінен туған уақытша үдеріс.

«Дегенмен, 1 доллар баяғыда-ақ 500 теңге болуы керек еді дегенмен келісемін. Неге десеңіз, доллардың шынайы құны сондай. Алайда, біз теңге құнын Ұлттық қордан алынған аударымдар есебінен ұстап отырдық. Көктемдегі су тасқыны кезінде Ұлттық қордан осы жылы алынатын ақшаның 70 пайызын аударып алдық. Соның салдарынан жаз басталғанда қордан бөлінетін қаражат екі есе азайды. Теңгенің 10 пайызға құнсыздануына осы жайт әсер етті. Осы кезден бастап Ұлттық банк теңгені қалыпты ұстап тұру үшін ай сайын 250 миллион доллардан "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ акцияларын алып тұрамыз деп әрекет жасады. Ол әрекет теңге құнына белгілі бір деңгейде әсер еткені рас. Тек уақытша. Одан кейін тамыз айынан бастап интервенция жасап келе жатқанын көріп отырмыз. Яғни, сол уақыттан бері теңге құнын қолдан ұстап отыруға тырыстық»,-дейді ол.   

Ал енді жағдай мұнан ары қарай қалай өрбуі мүмкін? Әдетте, теңге 10 пайызға құнсызданса, тауар бағасы 3 пайызға өседі. Алайда, 3 пайыздық өсім аз емес. Негізінен импорттық тауарлар тұрмыстық техника, тұрмыстық химия ғой. Жалпы, біз күнделікті тұрмыста қолданатын импорттық тауар көп. Міне, бірінші кезекте осы тауарлар қымбаттайды. Және де, егер логикаға салатын болсақ, өзіміз өндіретін отандық тауарлар қымбаттамауы керек. Отандық өндірушілердің біразы шикізатты шет елден алып келеді. Сол үшін олар бағаны өсіреді. Өкінішке қарай, кәсіпкерлер арасында барлық тауар қымбаттады деп, өзімізден шығатын заттардың бағасын өсіретін әдет те бар. Сондықтан, бұл жерде бір нәрсені нақты айтуға болады: Белгілі деңгейде қымбатшылық болады. Инфляция үдей түседі. Әрине, бұл халықтың төлем қабілетіне тағы бір соққы болады.

Егер, Ресей валютасы тұрақтамаса, онда теңге де біршама құлдырайды. Айта кетейік, доллардың қымбаттауы үкіметке тиімді. Осы сәтті пайдаланып, мемлекет бюджет тапшылығын толтырып алуы мүмкін. Бұл бір жағынан қарағанда ғана. Теңге құнына әсере ететін тағы бір фактор бар. Ол ірі компаниялар төлейтін салықтан түсетін табыс. Олар мемлекет алдында салық төлеу үшін долларын теңгеге ауыстыру керек. Осы арқылы теңгенің құны тұрақтануы мүмкін деген үміт бар. Ал әлемдік геосаяси ахуал, Трамптың сайлануы, мұнай бағасының құлдырауы деген сияқты жағдайлар теңгенің құнсыздануына әсер етеді.   

Бюджетті қайта қарайтын болса, онда оған жаңадан қандай баға бекітеді? Соған қатысты болуы мүмкін. Бұған дейінгі есепте бір доллардың орташа бағамы 470 теңге делінген еді.

Фото: aikyn.kz  

Байланысты жаналықтар

Олжас Бектенов Астанадағы өнеркәсіп жұмыстарымен танысты

29.11.2024

Доллардың бүгінгі бағамы қандай?

29.11.2024

Ұлттық банк доллар бағамына қатысты мәлімдеме жасады

28.11.2024

Рекордтық көрсеткіш. Доллар 520 теңгеден сатылып жатыр

28.11.2024

Доллар бағасы 518 теңгеге жетті

28.11.2024

Доллар құны 500 теңгеден асты

27.11.2024
MalimBlocks
Олжас Бектенов Астанадағы өнеркәсіп жұмыстарымен танысты

Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласы кәсіпорындарында металлургия, жеңіл және құрылыс өнеркәсібі, автомобиль және теміржол машинасын жасау салаларының дамуымен танысты.

Доллардың бүгінгі бағамы қандай?

Астана қаласы бойынша долларды сату бағамы — 507 теңге

Ұлттық банк доллар бағамына қатысты мәлімдеме жасады

Рекордтық көрсеткіш. Доллар 520 теңгеден сатылып жатыр

Доллар бағасы 518 теңгеге жетті

Доллар құны 500 теңгеден асты

Астана қаласы бойынша долларды сату бағамы — 500 теңге