«Шымбұлақ» курортына кімдер иелік етеді?
Қазақстанға ғана емес, әлемге танымал «Шымбұлақ» курорты туралы Shishkin_like телеграмм арнасы жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz сайты.
Алматыға жақын орналасқан атақты курорт 1954 жылы құрылды, 90 жылдары құлдырау кезеңін бастан кешірді, бірақ кейінірек қайта жаңғыртылды. 2011 жылғы Азиада қарсаңында мұнда амбициялық жоба жүзеге асырылмақ болған, соның арқасында «Шымбұлақ» әлемдегі ең үздік тау шаңғысы курорттарының қатарына енуі тиіс еді. Инвестициялардың жалпы сомасы 1,37 млрд теңге деп жоспарланған болатын, оның бір бөлігін «Казкоммерцбанк», ал екінші бөлігін «Қазақстан Даму банкі» қаржыландырмақшы болды. Нәтижесінде инвестиция көлемі 200 млн доллардан сәл ғана асты, жоба тек жартылай жүзеге асырылды – «Медеу-Шымбұлақ» канат жолы пайдалануға берілді, бірақ коммерциялық және тұрғын үй ғимараттары салынған жоқ. Сонымен қатар, коммерциялық жылжымайтын мүлік негізгі табыс көзін құрауы тиіс еді, ол арқылы кредит төлемдері жүргізіледі деп жоспарланған. Сондай-ақ, басылымның хабарлауынша, кейбір деректер бойынша, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты «Қазақстан даму банкі» тағы да 260 млн доллар көлемінде қарыз бөлген.
Қазір курортты 2006 жылы тіркелген «Chimbulak Development» ЖШС басқарады. 2015 жылдан бастап шамамен 7 млрд теңге көлемінде салық төлеген, ал өткен жылы ең көп салық төлеген – 1,7 млрд теңге. Компания 1,7 млрд теңгеге 25 мемлекеттік келісімшарт жасасқан, оның ішінде Алматы қаласындағы 28-ші дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындық пен өткізу Дирекциясы тарапынан1,1 млрд теңге төленген.
Еgov.kz мәліметі бойынша, биыл 9 қаңтарда компания қайта тіркеуден өткен. Қазіргі уақытта «Chimbulak Development» ЖШС-нің құрылтайшылары Владимир Сарыбеков және «Кэпитал Партнерс Қазақстан» компаниясы. Соңғысының негізгі акционері – Қазақстандағы рентьерлер рейтингінде 7-ші орында тұрған Сержан Жұмаш. «Capital Partners» арқылы ол Esentai Mall сауда орталығы мен Esentai Tower бизнес-орталығының үлескері, оның коммерциялық жылжымайтын мүліктерінің болжамды табысы 8,7 млрд теңгеге бағаланады. Көрініп тұрғандай, 2024 жылдың соңында Сержан Жұмаш тау шаңғысы курортын өз бақылауына алған. Енді 2007 жылы «Capital Partners» бастаған курортты қайта құру бағдарламасы қайта жалғасуы мүмкін.
Фото: instagram/shymbulakmountainresort