Бишімбаев неше жылға сотталуы мүмкін?

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев пен қылымысты жастырды деп айыпталған Бақытжан Байжановтың соты аяқталуға жақын.

Олжас Қасым

  • 07.05.2024

Мамырдың 6-күні айыпталушылар соттағы соңғы сөзін сөйледі. Сот процесінің жалғасы 10 мамырда өтеді. Істі бастан-аяқ бақылаған халық айыпталушыларға қандай жаза берілетінін күтіп отыр. Осыған байланысты заңгерлер мен адвокаттар да болжамдарын айта бастады. Malim.kz тілшісі сот қандай шешім шығаратыны жөнінде сарапшылардың пікірін тыңдап көрді.   


Бишімбаев 25 жылға сотталуы мүмкін

Джохар Өтебеков, адвокат:  

-    Саяси тұрғыдан алғанда Бишімбаев 20-25 жыл аралығында сотталуы ықтимал. Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауы да мүмкін. Оны жоққа шығара алмаймын. Ең көп дегенде, 25 жылға жақын мерзім беріледі деген пікірдемін. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 29 бабының санкциясында өмір бойы бас бостандығын шектеу көзделген. Сот пен алқабилердің осындай шешім шығаруға құқығы бар. Кісі өлтіргені үшін 20 жыл, ал азаптау бойынша тағы 5 жыл беруі мүмкін. 

8-15 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы ықтимал

Ләззат Ахатова, адвокат: 

-    Бишiмбаевты қылмыстық кодекстің 99-бабының екiншi тармағымен соттаса, ауыр болуы мүмкiн. Әрине, ауыр қылмыс екенiн жоққа шығара алмаймыз. Әйелiн жауыздықпен мерт кылды. Бipақ, 99-бап аса қатыгездiкпен кici өлтiрген адамдарға қолданылады. Естерiңiзде болса, Алматыда бip жiгiт жас қызды өлтіріп, денесiн бөлшектеп тастаған болатын. Ақтауда да туған балаларының көзін ойып, қолдарын балталап шапқан адам өмір бойына сотталды. Аса қатігездік көзделетін 99-баптың екінші тармағы осындай қылмыскерлерге беріледі. 
Менің ойымша, Бишімбаевты Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» яғни, 106-баптың 3-тармағы өлімге әкелетін деген айыппен 8 жылдан 12 жылға дейін соттауы мүмкін. Сонымен қатар, Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-тармағына сәйкес, адам өлтіргені үшін 8-15 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 
Байжанов туралы бірдеңе деп айту қиын. Балаларының кішкентай екенін ескеруі мүмкін. Жұмыс беруші – ағасы болды. Бишімбаев қалай да Байжановтың ақылын тыңдамас еді. Байжанов бұл жерде құрбан болып тұр. Оның жазасы жеңіл болуы керек, ұзақ жылға сотталмауы тиіс. Тіпті, қатаң жаза бергеннің өзінде 6 жыл тағайындалады. Түрмеге кетпейді, бас бостандығынан айырмай, шектеу береді. Өйткені, бұрын сотты болмаған, ондай азаматты бірден бас бостандығынан айырмайды. 6000 АЕК көлемінде айыппұл төлеп те шығып кетуі мүмкін. Сондықтан оған 3-5 жыл берілуі мүмкін деп топшылаймын.  

Өмір бойы абақтыда отырады дегенге сенбеймін

Ахметжан Бейсенбеков, заңгер: 

-    Бишімбаевтың сотын заңгерлер ғана бақылап жатқан жоқ. Елдің басым бөлігі көріп отыр. Бұл заңгерлер үшін тәжірибелік тұрғыда күрделі іс емес. Мұнда қылмыскерлер, жәбірленушілер белгілі, дәлелдемелер базасы сияқты ақпараттың бәрі қолда бар. Қылмыскерді таба алмай жатса, бір сәрі. 
Бишімбаев 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айрылады деген әңгіме бар. Өз басым Бишімбаевты өмір бойы абақтыда отырады дегенге сенбеймін. Ол қатарынан бірнеше адамды өлтірген жоқ. Бізде Челахтың ісі болды. Ресми нұсқасында қаншама адамды қырып тастады деп айтылды. Қоғамға қауіпті жолмен басқа адамдардың өміріне балта шапты деген әрекеттер байқалмады. Бишімбаев ісінде отбасылық кикілжің де бар. Бас бостандығынан айыру мерзімі 20 жылға да жетпеуі мүмкін. Нақты шешімді сот процесін жүргізіп отырған мамандар шығарады. 
Бұл жалғыз Бишімбаевтың ісі емес, оның орнында басқа біреудің болуы да мүмкін еді. Елдің 30 жыл бойы жиналған ашу-ызасы осы жағдаймен тұспа-тұс келіп қалды. Қазақстанда сан түрлі сорақы қылмыстар орын алып жатыр. Әйелін отыз-қырық жерден пышақтаған, өртеп жіберген жайттар аз емес. Көпшіліктің назары Бишімбаевқа қадалуының себебі – ол тойынған, бетімен кеткен адамның образын көрсетті. Жазалаймыз, бақылаймыз десек, мұндай  істер жеткілікті. Судьяға да оңай соқпайын деп тұр. Қандай шешім қабылданса да, наразы тараптар болады. Сол себепті судья Жоғарғы соттың да, соттың басқару жүйесінің де ығына жығылмай, тәуелсіз шешім шығаруы тиіс. 

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2023 жылдың 9 қарашасында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған. Оған қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 5-тармағы – аса қатыгездікпен адам өлтіру және 110-бап, 2-бөлігінің 1-тармағы – қинау бойынша айып тағылған. Ал Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің 432-бабы – аса ауыр қылмысты жасырып қалды деген айып тағылған.  

Фото: inbusiness.kz