457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Дидар Қалиахметтің адвокаты Шерзаттың отбасын тергеуді сұрады

Шерзат ісіне байланысты сот отырысында Дидар Қалиахметтің адвокаты Гауһар Баймұханова соттан Шерзаттың отбасын тергеуге қаулы шығаруын сұрады.  Бұл туралы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды. 


Айтуынша, марқұм баланың жақындары тергеу барысында және сотта жалған сөйлеген.

«Бишембиева Нұрқанат пен Шерзатты ұрып жатқан кездегі адамдардың арасынан осы баланы көрдім деп, Қалиахметке қолымен көрсеткен. Тергеушінің: «Қандай іс-әрекет жасады?» деген сұрағына: «Тепкіледі», ал «Сол жақта, дүкеннің алдында кім болды?» деген сұраққа: «Ешкім қарап тұрған жоқ, бәрі ұрды» деп жауап берген. Менің қорғауымдағы Қалиахметтен кейін беттестіру хаттамасы Бишембиева мен басқа да сотталушылардың арасында болған. Алайда барлық сотталушымен беттестіруде Бишембиева әртүрлі жауап беріп, сол нақты беттестіру жүргізіліп жатқан адам қайын інісіне пышақ сұққанын, сол тепкілеп жатқанын көрсеткен», - деді ол.

Адвокаттың сөзінше, Шерзаттың анасы айтқандай Дидар Қалиахмет ол түні ешқандай «жилетка» кимеген, оның үстінде қара түсті спорттық киім болған.

«Жәбірленуші Бишембиева өзінің бастапқы берген жауабында және тергеу кезінде қосымша берген жауаптарында бірде-бір сөзбен менің қорғауымдағы Қалиахметтің сол төбелесте болып, қандай да бір бұзақылық жасағанын көрсете алмады. Қорғау тарапы Бишембиеваның жауабына сенімсіздік танытады және соттан жәбірленушінің жауаптарына сын көзбен қарауды сұрайды. Себебі оның тергеу кезінде берген жауаптары, беттестіру кезінде берген жауаптары, сондай-ақ сот отырысында берген жауаптары өзара сәйкес келмейді. Оның айтуы бойынша, 9 баланың да қолында пышақ болған - бұл мүлдем шындыққа жанаспайды», - деді сотталушының қорғаушысы.

Ол Қаржаубай Нұрымовтың берген жауаптары да бір-біріне сәйкес келмейді деп отыр.

«Жәбірленуші Нұрымовқа келер болсақ, оның да жауабы нақты болған оқиғамен сәйкес келмейді. Ең бірінші жауабында «Чика» деген тұлға туралы бір сөз айтпайды, оның орнына «Чина» деген азамат туралы айтады. Келесі жауабында «Чика» деген азамат пайда болады және оның Ғайыпбаевпен сөйлесіп тұрғанын байқағанын айтады. «Чика» есімді тұлғаның өзін көрмегенін, ал «Чина» есімді адамның дүкенге кіріп бара жатып «делайте» деген сөз айтқанын, сол кезде төбелес басталғанын айтады. Жәбірленуші Нұрымов пен Бишембиева сот отырысында менің қорғауымдағы Қалиахметтің қандай да бір іс-әрекет жасағанын нақты түрде көрсете алмады. Жәбірленуші Нұрымов, Бишембиева және Қадырова сот тергеуі кезінде берген жауаптарында бір-біріне қарама-қайшы мәліметтер берді. Олардың жауаптары бірдей емес, бір-біріне ұқсамайды», - деді адвокат Гауһар Баймұханова. 

Ол Шерзаттың туыстарын жауапкершілікке тартуды сұрады.

«Жәбірленушілер ҚР ҚК-нің 420-бабында көзделген жалған жауап бергені үшін жауапқа тартылуы тиіс. Соттан осыған байланысты жеке қаулы шығарып, құзырлы органға жолдауды сұраймын», - деді қорғаушы

Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Дархан Қалиахметке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігі (Бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.

Фото: скрин