Шерзат ісі. Сотталған 9 адамның қайсысы рақымшылыққа ілінуі мүмкін?

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Шерзат ісі бойынша сотталғандардың ішінде рақымшылыққа ілінуі мүмкін кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа қатысты пікір айтты.
Шерзат Полатқа қатысты істі барлығымыз қарадық. Ол жерде адам өліміне әкеліп соққан қылмыс болғандықтан, бұл іске қатысты рақымшылық актісі қолданылмайды... Қалай болған жағдайда да, абайсызда адам өліміне әкеп соққан баппен байланыстырылса, оған қатысты рақымшылық болмайды, - деді А. Құспан Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар депутат бұзақылық салдарынан адам өліміне әкелсе, онда рақымшылық қолданылмайтынын айтты.
Мұнымен қоса, Абзал Құспан қылмысты хабарламау бойынша Қылмыстық кодекстің 434-бабымен сотталған адам (Думан Ысқақ) рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін нақтылады.
Еске салсақ, жақында Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды.
Күдіктілердің арасында Думан Ысқақ (кәмелетке толмаған) 1 жыл 6 айға сотталды.
Ол Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айыпталды.
Фото: Жоғарғы сот

Ең көп оқылған
