Ернін үлкейткісі келген ақтаулық сотқа жүгінуге мәжбүр болды

Сауда және интеграция министрлігі елімізде түрлі сала бойынша тұтынушылардың құқықтары қорғалып жатқанын хабарлады. Бұл туралы sputnik.kz сайтына сілтеме жасап Malim.kz хабарлады.
Мысалы, Тараз қаласының тұрғыны анасының 80 жас мерейтойын тойлау үшін мейрамханаға алдын ала тапсырыс берген. Мәзір мен тағам мөлшері алдын ала келісілгенмен, мереке күні ұсынылған тағамдар келісілген мәзірге мүлде сәйкес келмеген.
"Ыстық тағамдар дәмсіз, еттің қамыры жабысып, ет мөлшері тым аз болған. Әр үстелге бір ғана апельсин мен мандарин қойылған. Уәде етілген сазан балығы орнына бір ғана скумбрия ұсынылып, танымал кондитерлік өнімдер белгісіз өндірушінің тәттілерімен ауыстырылған", - деп жазылған хабарламада.
Мейрамхананың иесіне 200 мың теңге көлемінде келтірілген залалды өтеу туралы ұсыныс жасалғанымен, ол қызметтің сапалы көрсетілгенін айтып, бас тартқан. Осыдан кейін тұтынушы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Екі күн ішінде кәсіпкер тұтынушыға 150 мың теңге қайтарып берді.
Ал Ақтау қаласында тұрғын ерін үлкейту процедурасын жасау үшін сұлулық салонына жүгінген. Процедура алдында ол маманға бала емізіп жүргенін, яғни бұл қызметті алуға медициналық тұрғыдан қарсы көрсетілім бар екенін ескерткен.
Алайда косметолог бұл ескертуді елемей, инъекция жасаған. Нәтижесінде тұтынушы өзін жайсыз сезініп, ернінің тұсынды көпіршіктер пайда болған. Ведомство хабарлауынша, жәбірленуші E-өтініш платформасы арқылы ресми түрде шағым түсірген. Департаменттің араласуымен оған 80 мың теңге көлемінде төленген сома толық қайтарылды.
Фото: pixabay.com