Ирак түрмесіндегі қазақстандықтар елге қашан қайтарылады? СІМ жауабы

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдері Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннен Ирак түрмесінде 8 жылдан бері отырған қазақстандықтардың тағдыры туралы сұрады.
Құқық қорғаушылар мен туыстары бізге жүгінді. Біз бұл мәселемен 8 жыл бойы айналыспадық деп айта алмаймын. Себебі олардың сол жерде отырғанын жақында ғана білдік. Біріншіден, сегіз адамның барлығы Қазақстан азаматы екені нақты расталған жоқ. Әртүрлі мәліметтер бар, бір дереккөзде екі адам Қазақстанның азаматы, қалғандары көршілес елдердің азаматтары екені айтылған. Басты проблема олардың сот шешімі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылғанында. Өздеріңіз білесіздер, сот билігіне араласуға болмайды. Қазақстан сот шешіміне ықпал ете алмайды. Дегенмен, біз Ирак тарапымен оларды қайтару, реадмиссия және басқа да келісімдер бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, — деді Ақан Рахметуллин баспасөз мәслихатында.
Министр орынбасарының мәлімдеуінше, аталған мәселені шешу, өте ұзақ процесс.
Сондықтан біз Ирак тарапымен белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз. Қазір нақты қашан және қандай шаралар қолға алынатынын дөп басып айта алмаймын. Үміт бар, қазір екі жағдай болып тұр. Біріншісі, олар Ирак сотының шешімімен терроризмге жәрдемдескені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Сот шешіміне ықпал ету, өте қиын мәселе. Екіншісі, біз егер келісім жасай алсақ, әйелдерді Қазақстанға жеткізіп, жазасын елімізде өтеуіне мүмкіндік жасауға болады. Бірақ, тек Қазақстан азаматтары болса ғана, — дейді ол.
Еске сала кетсек, 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған гуманитарлық акция нәтижесінде Ирак түрмесінде өз аналарының жанында жатқан 14 қазақстандық бала қайтарылды.
2023 жылы еліміздің Сыртқы істер министрлігі Иракта сотталған Қазақстан азаматтарына қатысты келіссөз жалғасатынын мәлімдеді.
Фото: Pexels