Жасөспірімге азғындық жасаған мұғалім сотталды

Түркістан облысының ауданаралық сотында Қылмыстық кодексінің 124-бабының 2-бөлігімен айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы Қазығұрт ауданындағы жалпы білім беру мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі заңмен жүктелген міндеттеріне қарамастан, ол 2025 жылдың 20 қаңтарында өз автокөлігінде 2010 жылы туған жасөспірімге қатысты азғындық әрекеттер жасаған.
Сот отырысында тараптардың ұстанымы тыңдалды. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны кінәлі деп танып, оны белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Өз кезегінде сотталушы тағылған айыпты мойындамай, әрекетін жеңіл бапқа ауыстыруды өтінді.
- Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, ол белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 12 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Фото: pixabay.com