Германияда қолтырауынның басын сақтаған қазақстандық ұсталды

Германияда қазақстандық автодилердің үйінен қолтырауынның басы табылды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі Bild газетіне сілтеме жасап.
Германияда санкцияны айналып өтіп, Ресейге миллиондаған еуроға автокөлік жөнелткен деген күдікпен қазақстандық ұсталды. Оның үйін тінту кезінде қолтырауынның кесілген басы табылған.
39 жастағы күдікті Германияның Гессен аймағында тұрған. Неміс кеден қызметінің мәліметінше, ол Қазақстан мен басқа да үшінші елдерді пайдаланып, Ресейге премиум санаттағы ондаған автокөлік, мотоцикл мен квадроцикл жеткізіп отырған. Бұл заңсыз экспорттың жалпы құны шамамен 25 миллион еуроға бағаланып отыр.
Тінту барысында 1,3 миллион еуро тұратын 21 көлік, тыйым салынған допингтік препараттар, электрошокер мен сирек кездесетін қолтырауын түрінің бөлініп алынған басы тәркіленді.
Кеден өкілдері оның санкцияны айналып өтуді кемінде 700 рет жасаған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Еуроодақтың Ресейге қарсы санкциялары
Айта кетейік, 2022 жылы Украинадағы соғыс басталғаннан кейін ЕО Ресейге қарсы ауқымды санкциялар енгізді. Олардың қатарында люкс көліктер, микрочиптер, әскери мақсатта қолданылуы мүмкін тауарлар мен құрал-жабдықтардың экспортына қатаң тыйым бар. Санкцияларға сәйкес, мұндай тауарларды тікелей де, үшінші елдер арқылы да Ресейге жөнелтуге болмайды. Бұл елдердің қатарында Қазақстан, Армения және БАӘ бар.
Фото: pixabay.com