Шерзат Болаттың өліміне себеп болған төбелес қалай басталған?
Прокурор сотта оқиғаның мән-жайын баяндады

Талғар қаласындағы «Қамажай» дүкені алдында орын алған қанды оқиға бойынша өтіп жатқан басты сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Шерзат Болаттың өліміне себеп болған жанжалдың қалай басталғанын толық баяндап берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Прокурордың айтуынша, қайғылы оқиға 2023 жылғы 3 қазанда, түнгі 23:22-де басталған. Сол күні Әскентай есімді сотталушы мас күйде дүкенге кіріп, үш бөтелке сыра мен төрт қорап темекі алады.
Төлем жасау үшін ол кәмелетке толмаған танысы Асқарбекке WhatsApp арқылы дүкен сөресіндегі нөмірге 1000 теңге аударуды сұрайды. Асқарбек өз анасының атына тіркелген банк картасынан ақша аударып, электронды чекті Әскентайға жібереді. Әскентай сатушы Нұрымовқа чекті көрсетіп, сонымен қатар қолма-қол тағы 1000 теңге береді. Нұрымов оған 530 теңге қайтарым ақшасын қайтарады. Осылайша, екеуі қол алысып қоштасқан соң, Әскентай дүкеннен шығып кеткен, - дейді прокурор.
Біраз уақыттан кейін, яғни 23:33-те, сатушының кәмелетке толмаған ұлы Шерзат Полат дүкенге кіріп, телефонын қуаттауға қояды. Ал 23:47-де Әскентай қайта оралып, телефонын қуаттауды өтінеді. Нұрымов оны касса жанындағы қуаттағышқа қосып береді. Әскентай сыртқа шығып, дүкен алдында сыра іше бастайды.
Сол кезде дүкен ішінде болған Шерзат сыртқа шығып, Әскентайдың әрекетін бақылаған. 23:52-де ол «әкеме балағат айтты» деген сылтаумен Әскентайға оң жақ көзі тұсынан екі рет жұдырықпен соққы жасаған.
Оқиғаны дүкен есігінен көріп тұрған Нұрымов дереу сыртқа шығып, ұлына ескерту жасап, жарақат алған Әскентайға су әкеліп, жарасынан аққан қанды жуып берген. Сондай-ақ, кешірім сұрап, ұлының әрекеті үшін өтемақы төлейтінін айтқан.
Алайда Әскентай кешірімді қабылдамай, жағдайды анықтап шешу үшін дүкен алдына Тоқтаубаевты шақырған.
Прокурордың мәліметінше, кейін жүргізілген сот-медициналық сараптама Шерзат Полаттың оң жақ беті сынғанын растаған.
Фото: жеке мұрағат