Жамбыл облысында футбол ойынынан кейін оқушылар төбелесіп, біреуі көз жұмды

Жамбыл облысында мектеп оқушысының өліміне әкелген қылмысқа қатысы бар жасөспірімдер ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
12 қыркүйекте Шу ауданына қарасты Көккайнар ауылында футбол матчы өткен соң 10-сынып пен 11-сынып оқушылары арасында жанжал шыққан. Ойынға жиналғандар арасында 10-сынып оқушылары жеңіске жеткен.
Нәтижеге наразы болған жоғары сынып оқушысы 10-сыныптағы жасөспірімді соққыға жыққан.
Оқиға орнына келген дәрігерлер жасөспірімнің алған жарақаттарынан көз жұмғанын растады. Оқушылармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Балалар құқығы жөніндегі уәкілдің қатысуымен арнайы комиссия құрылды.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 17 және 16 жастағы екі күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта істі толық, жан-жақты және объективті тергеу үшін барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді", – делінген Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Фото: depositphotos.com