Шомылу маусымы: 9 күн болмай жатып 5 адам суға кеткен

Елде шомылу маусымы басталғаннан бері 5 адам суға кеткен. Оның біреуі жасөспірім. Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің басқарма бастығы Талғат Жамбауов осындай дерек келтірді.
Шомылу маусымы басталған 1 маусымнан бері 5 адам тыйым салынған жерде суға батып кетті. Жалпы суға батудың 95 пайызы тыйым салынған жерде тіркеледі. Аталған 5 адамның біреуі 15 жастағы жасөспірім. Ол оқиға Астана қаласында тіркелді. Бұл 1 маусымнан бергі статистика. Ал жыл басынан бері 19 адам суға кеткен. Оның жетеуі бала, — деді ол баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, шомылуға рұқсат етілмеген жерге шомылған азамат та, шомылу ұйымдастырған адамдар да жауапкершілікке тартылады.
Рұқсат етілмеген жерде шомылған азаматтарға Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 412-бабы бойынша 7 айлық есептік көрсеткіш (27 524теңге — ред) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал жабдықталмаған орында шомылу ұйымдастырған су айдынының иесінің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Оның жазасын Ішкі істер министрлігі саралайды, - деді Талғат Жамбауов.
Бұған дейін Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті де Ақкөл ауылында жасөспірімнің суға кеткенін хабарлаған болатын.
Фото: Pexels

Ең көп оқылған
