Жамбыл облысында жер сілкінісінен 23 ғимарат зақымдалған

Меркі және Т. Рысқұлов аудандарында болған екі жер сілкінісінен кейін 11 әлеуметтік нысан мен 12 жеке тұрғын үйде жарықтар табылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Жамбыл облысында екі жер сілкінісі тіркелген еді. ҚР ТЖМ жедел басқару орталығында және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің базасында жедел штаб құрылды. Қазіргі таңда комиссия ғимараттар мен үйлерге тексеру жүргізіп жатыр.
Жамбыл облыстық ТЖД мәліметінше, табиғи апаттан қаза тапқандар немесе жарақат алғандар жоқ. Барлық азаматтық қорғаныс қызметтері кез келген жағдайға дайындық режимінде тұр.
ТЖД әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын ақпараттардың таралып жатқанын хабарлады. Осыған байланысты азаматтардан тек ресми дереккөздерге сенуді сұрайды.
"Кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар таралуда. Баршаңызды жалған мәліметтерді таратудан аулақ болуға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамыз", - деп мәлімдеді департамент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы зардап шеккен нысандарды қалпына келтіруді тапсырды. Сонымен қатар, жер сілкінісінен келген шығынды бағалау мақсатында арнайы жұмыс тобы өңірге жіберілді. Қазіргі уақытта қалпына келтіру шаралары ұйымдастырылып, зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетілуде.
Фото: freepik.com
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
