АҚШ пен Қазақстан сотында айырмашылық көп

Алматы облыстық №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Мақсат Садықов әріптестерімен бірге Вашингтонға барып, сол елдің сот қызметімен танысып қайтқан еді.

  • 17.02.2023

Судья іс сапардан алған әсерін  malim.kz сайтымен бөлісті. «Жоғарғы Сот тарапынан судьялардың тәуелсіздігін нығайтып, тәжірибесін жетілдіруге ерекше ден қойылған. Оған осы жолғы сапар барысында анық көз жеткіздім. Әріптестік кездесулер қазақстандық сот пен өзге елдердің сот құрылымындағы жетістіктер мен кемшіліктерді саралауға, ізденуге жол ашады» деп бастады әңгімесін Мақсат Садықов.

Тәжірибе табысқа апарады

Бұған дейін де талай әріптесіміз шетелдердегі сот, құқық қорғау құрылымдарына барып, біліктілігін арттырып келді. Елге оралғаннан кейін арнайы дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, өз әсерімен бөліскен қазылардың жаңа бастамалар көтеріп, игілікті істерді қолға алуға қозғау салғанын көзіміз көріп жүр. Қазақ «Тосылған судың тұнығы болмайды» дегенді дәл айтқан. Расында, өз білгеніңмен шектелу адамды өсірмейді. Ал шеңберден шықпаудың соңы саланы құрдымға батыратыны ешбір талас тудырмаса керек. Сондықтан Жоғарғы Соттың шетелдегі сот органдарымен әріптестік байланысты нығайтып, заң шығармашылық жұмысынан толық мәлімет алып, бірыңғай тәжірибе қалыптастыруға мүмкіндік туғызуы судьяларға жасалған қамқорлықтың белгісі. Осы сапарда қазақстандық қазылардың делегациясы Вашингтонда АҚШ-тың сот әкімшілігі басқармасының өкілдерімен кездесті. Бұл мақсатты шараға АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) «Ашық әлем» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Жақсы іске бастамашы болғандар қазақстандық судьялардың сот қызметі бойынша неғұрлым көп мәлімет алуына жағдай жасады. Соның арқасында екі аптаға созылған кездесу шеңберінде АҚШ сот департаментінің жетекшілерімен, «Ашық әлем» көшбасшылар орталығының атқарушы директорымен, АҚШ мемлекеттік департаментінің сот органдарымен байланыс жөніндегі офицерімен, сондай-ақ, Вирджиния штатының федералды судьяларымен кездесудің сәті түсті.

Кездесу судьяларға не берді?

АҚШ-ты көру көпшіліктің арманы. Бірақ, біздің көздегеніміз алып мемлекеттің сыртына сұқтану емес, ішіне үңілу, сот құрылымдарының үздік көрсеткіштеріне көңіл бөлу еді. Содан болар, штаттардағы сот ғимаратына кірген сәттен өзіміздегі жағдайды ой елегінен өткізіп, АҚШ пен Қазақстандағы соттың ахуалын салыстыра бастадық. Біз үшін сот мәжіліс залдарының іші, азаматтарды процеске кіргізу тәртібі, айыптылар отыратын орындықтың орналасқан жері, неден жасалғанына дейін таңсық еді. Содан болар, әрбір шарадан соң қоятын сауалымыз да толастамады. Бұл кездесулер аясында шетелдік мамандар АҚШ-тың сот жүйесінің жұмысына, федералдық соттар мен штаттағы соттардың өзара байланысына, істерді бірінші және апелляциялық сатыда қараудың ерекшеліктеріне қатысты түрлі құнды мәліметтермен бөлісті.

Қонақкәде деген барлық елде бар. Оның үсітне, қазақстандық қазылардың сапраға қатысты пікірін білгісі келген АҚШ-тың сот өкілдері штаттағы университетте Қазақстан Республикасы, оның ұлттық сот жүйесі туралы студенттерге дәріс оқуымызды өтінген еді. Осы шара барысында біздің елімізге, оның сот жүйесіне деген қызығушылықтың жоғары екені байқалды. Оны оқытушылар мен студенттердің жарыса қойған сауалы мен айтқан пікірлерінен аңғару қиын емес еді.    

АҚШ сотының айырмашылығы қандай?

АҚШ-тың Жоғарғы Соты штаттар арасында орын алған дауларға төрелік жасайды, сонымен бірге, өзге мемлекеттердің елшілеріне қатысты істерді қарайды. Бұдан бөлек, төменгі саты соттары шығарған шешімдерге қандай да бір шағым түскенде осы соттың құзырына беріледі.

 Аризона штатындағы кездесулер ең өнімді, ең мазмұнды болды. Қазақстандық қазыларды жылы қабылдаған ұйымдастырушылар межелі уақытта заңгерлер қауымдастығының, заңшығарушы органның қызметімен танысуға мүмкіндік берді. АҚШ соттарының ең басты ерекшелігі, мұнда сот өндірісіне түскен істердің 5 пайызын ғана судьялар толық қарайды. Яғни, қазақстандық судьяларға қарағанда мухиттың ар жағындағы әріптестеріміздің жүктемесі аз. Сәйкесінше олардың күрделі істерді көбірек, тереңірек көңіл бөлуіне толық мүмкіндігі бар. Ал қалған 95 пайыз істің бір бөлігі оңайлатылған тәртіпте қаралса, басым бөлігі медиация арқылы өз шешімін табады. Біздің сот саласындағы талай жылғы реформаның да негізгі көздегені – елдегі даукестікті азайтып, судьялар жүктемесін төмендетуге бағытталып келеді. Бірақ, «Медиация туралы» заңды қабылдап, медиаторлар мектебін қалыптастырғаннан, татуластырушы судьяларды тәжірибеге енгізіп, партисипативтік рәсімнің жандануына ықпал етуден әлі нақты нәтиже болмай отыр. Ал АҚШ соттарында дауларды медиация арқылы реттеу тенденциясы соттың кез келген сатысында кездеседі. Бұл елде іс судья құзырына жетпес бұрын міндетті түрде медиатордың сүзгісінен өтеді. Медиатор қос тарапты татуластырып, дауды бітіммен шеше алмаған жағдайға ғана іс сот тәртібімен қаралады.

Қазақстандық сот фото-бейне түсірімге шектеу қоймайды, ал АҚШ-та ше?

Біздің елімізде сот жұмысын барынша ашық, мейлінше қолжетімді ету үшін ауқымды реформалар қолға алынды. Заманауи құрылғыларды сот жұмысына пайдаланудың арқасында арыздар мен материалдарды азаматтар «Сот кабинеті» сервисі арқылы жолдауға, істің қозғалысын қашықтан бақылауға, сот отырысына қашықтан қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, істердің судьяларға автоматты түрде бөлінуі, сот отырыстарының дыбыс-бейне таспаларға жазылуы сотқа деген сенімді нығайтатын тетік. Бұған қоса, ашық сот отырыстарына дыбыс, бейне жазу құрылғыларын әкеліп, пайдалануға да ешқандай шектеу қойылмаған. Тек журналистердің әрекеті сот процесінің өтуіне, тараптардың құқығына қайшы келмесе болғаны.

Ал АҚШ-та қалай? Еркіндіктің, бостандықтың мекені саналатын Американың Жоғарғы Соты мен федералды соттарында, сондай-ақ біз барған Аризона штатындағы соттарда сот отырысынан фото және бейне түсірілім жасауға қатаң тыйым салынған. Қазақстандық судьялар мұндай талаптың не себепті қойылғаны қызықтырды. Сот өкілдерінің айтуынша, фото-бейне түсірілімге тыйым салудың негізгі себебі сот отырысына қатысушыларды алаңдатпау, істі қарауда жеке деректерді қорғаумен байланысты. Соған орай сот отырысына қатысушылар залға кірген соң ұялы телефондарын сөндіріп қояды.

АҚШ судьялар өз шешімін түсіндіруге міндетті емес

Қазақстандық соттағы еркіндіктің тағы бір көрінісі – судьялар қоғамда қызығушылық тудырған, кейбір шулы істер бойынша көпшілік алдына шығып шешімін түсіндіріп, журналистер сауалына еш кедергісіз жауап беріп жатады. Ал АҚШ-та  сот отырысына байланысты БАҚ өкілдерінен сұрақ туындаған жағдайда оған арнайы қызмет өкілдері жауап береді. Судьялар сот процесін жария етіп, сот органдарының көзқарасын БАҚ-та көрсету ісіне қатыспайды.

Тағы бір байқағанымыз, АҚШ-тағы барлық сотта процестер дыбыс-бейне таспаға жазылады. Ерекше атап өтерелігі, Аризона штаты Жоғарғы Сотының сайтында көпшілік қызығушылығын тудырған, ел назарында тұрған істер тікелей желі арқылы ашық көрсетіледі.

Маған тағы бір ерекше әсер еткені, мұндағы бірінші саты соттары орналасқан ғимараттарда заңдық кітапхана орналасқан. Заң, құқық саласына қатысты барлық кітап, басылымдар жинақталған бұл кітапханаларда студенттерден құралған еріктілер тобы судьялармен бір деңгейде қызмет етеді. Осы жерде азаматтар кітапханадағы өзін қызықтырған әдебиеттерді оқып, сот тәжірибесімен танысып, өз арыз-шағымын сотқа жолдай алады.  

АҚШ пен штаттардағы Жоғарғы Соттар қарауы тиіс істердің арнайы соттылығы бекітілмегенін де айта кеткен жөн. Судьялар өзі қарағысы келетін істерді дауыс беру арқылы таңдайды. Әсіресе, ел қызығушылығын тудырған істер мен өлім жазасын тағайындауға қатысты істерді қарауға таңдау жасалатынын айта кеткен жөн.

 Сот отырысына қатысатын адвокаттарға  қойылатын талап та барынша жоғары. Бұл елде адвокаттар өз қорғауындағы адамды жақтап айтатын уәжін, келтіретін дәлелін 20 минуттың ішіне сыйғызуы шарт. Тек өлім жазасына қатысты істерде ғана адвокатқа қосымша бес минут артық беріледі.

Қазақстан соты мен АҚШ сотындағы аудармашының рөлі қандай?

Қазақстандық соттардағы аудармашылар мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Біздегі аудармашылар еңбекақысы сағатпен бағаланатындықтан, олардың жалақысы тым аз. Соған орай бұл қызметке мықты, білікті мамандарды тарту қиындық тудырады. Ал АҚШ-та аудармашылар бағынатын арнайы әдеп кодексі бар. Олар кодекс талабынан шықпайды. Тағы бір артықшылығы, АҚШ аудармашылары өзінің мүмкіндігіне қарай сот отырысына қашықтан да қатыса алатынын ескерген жөн.  Уақытты үнемдеуіне, қызметін тиімді атқаруына көмектесетін мұндай тиімді тетікті біздің де аудармашылар қызметіне қолданса дұрыс болар еді.

Жасөспірімдерге қатысты істерді таразылауда да айырмашылық аз емес. Мәселен бұл елде біздің еліміздегідей кәмелетке толмағандар соты бар. АҚШ-тың ерекшелігі айыпты жасөспірімнің ісін таразылауға бұрын осы сотта жазасын алған жасөспірімдер қатысады. Мұның өзі жасөспірімді жаза басудан сақтары күмәнсіз. Сондай-ақ, жауаптылыққа тартылып, жазасын алған балаға қатысты қылмыстық салдардың болмауы, яғни, жасөспірімнің сотталған деп танылмауы да баланың болашағына деген қамқорлықты көрсетсе керек.

АҚШ секілді өркениетті елдің сот жүйесімен танысу біз үшін айтарлықпай пайдалы, барынша нәтижелі болғаны рас. Бұл екі ел сотындағы бар мен жоқты салыстыра отырып, жаңа істер бастауға септігін тигізеді деген ойдамын.