Әскери оқу-жаттығу жиындары артты

Министр Руслан Жақсылықов бастаған әскери делегациясы генерал-полковник Закир Хасановпен ауқымды мәжіліс жасады.

Malim Админ

  • 26.09.2024

Қазақстан әлем елдерінің қорғаныс ведомстволарымен екіжақты әскери ынтымақтастық мәселелерін жолға қою бағытында бірқатар жүйелі жұмыстарды іске асыруда. Жақында еліміз бен Әзірбайжанның қорғаныс министрлері Бакуде кездесті.
Министр  Руслан Жақсылықов бастаған әскери делегациясы генерал-полковник Закир Хасановпен ауқымды мәжіліс жасады.  

Баку шаһарындағы Көрме орталығында қазақстандық әскери мамандар Әзербайжанда жасалған  құрлық, теңіз, әуе күш құрылымдарына арналған өнімдермен танысты.  Сонымен қатар,  ADEX V халықаралық қорғаныс көрмесінде көрсетілген қауіпсіздікті ныайтуға қолданылатын озық  технологияларды көзбен көріп,  қолмен ұстады. 
Басқосу барысында еліміздің Қорғаныс министрі Руслан Фатихұлы әзербайжандық әріптестерімен жүздесіп, өзекті мәселелелер жөнінде ортақ ойласты. Осылайша қос бауырлас ел қорғаныс ведомстволары арасындағы   өзара ынтымақтастықтың  оң үрдісін айрықша атап өтті. 2024 жылы екі мемлекеттің ұйымдастыруымен 30-дан астам іс-шара іске асқан. Әзербайжандықтар  «Алтын қыран-2024» және  «Бірлестік-2024» жедел-тактикалық құрамалық оқу-жаттығуына қатысып, тәжжірибе алмасты.
Келіссөздер нәтижесі аясында Қазақстан мен Әзербайжан арасында  2025 жылға бағытталған екіжақты әскери ынтымақтастық жоспары ұсынылды.  Кездесу шеңберінде ұлттық бағыттағы қорғанысқа арналған ЖОО арасындағы меморандум жасалып, қол қою рәсімі өтті.

Еліміздегі арнайы мақсатқа жұмылдырылатын сарбаздар шетінен мықты. Олар түрлі  төтенше жағдайдан, тау-тас, өткел бермейтін ағыстан да жасқанбайды. Соның жарқын мысалы –  «Күрең берет – 2024» жауынгерлер сайысы.  Ұлттық ұланның Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің атыс алаңында Қүрең беретке үміткерлер бақ сынады.  Мұндай  сайыстар жыл сайын еліміздің әр аймағында  өтеді. Негізгі мақсаты - лаңкестіктің жолын кесу, қоғам мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Б» арнайы жасағының дайындығын шыңдау.

Күрең беретті екінің бірі кимейді. Жүзден жүйрік шыққан сайыпқырандар ғана ие болатын марапат. Бабы мен бағы қатар шауып, ауыр сыннан сүрінбей өткендерді қоян-қолтық ұрыс алаңы күтіп тұрды. Үш раундқа созылатын жекпе-жектің соңғы бөлімінде рингтегі жігіттер былтыр қарсылысын шақ келтірмеген мықтылармен күш сынасты. Абырой болғанда, бұған дейін сапта болған 15 үміткердің  бәрі де 9 минут бойы жойқын соққыға төтеп берді. Әлі кетіп, күші сарқылғандардың өзі темірдей төзімділік танытты. Осылайша, олардың бәрі де күрең берет иегері атанды.