Астаналықтар «Транстелеком» интернетіне шағымданып жатыр

Астана тұрғындары «Транстелеком» компаниясының қызмет сапасына наразы, деп хабарлайды Malim.kz КазТаг-қа сілтеме жасап.
«Бүгін күндіз біздің, «Транстелеком» абоненттерінің, атап айтқанда «Заузар» тұрғын үй кешеніндегі интернет байланысы үзіліп қалды. Сағат 21:17-дегі жағдай бойынша әлі қосылмады. Сервистік қызметке бірден хабар берілсе де, жағдайды түзетуге нақты әрекет байқалмайды. Байланыс қызметінің бағасы да арзан емес. Мұндай ақаулар бұл провайдерде жиі қайталанады», – деді тұрғындар редакцияға.
Айта кетейік, 2023 жылғы 31 мамырда Мәжіліс депутаты Ермурат Бапи Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен оның күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың балаларына қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Ол стратегиялық маңызы бар «Транстелеком» компаниясының «Қазақстан темір жолынан» Нурали Әлиевке өте төмен бағаға сатылғанын сынады.
Бапидің сөзінше, нарықтық құны 210 млрд теңге тұратын және жыл сайын 80-90 млрд табыс әкелетін компания небәрі 18,45 млрд теңгеге сатылған.
Сонымен қатар, Нұрәлі Әлиев 2015 жылы – 587 млн теңге, 2016 жылы – 940 млн, 2017 жылы – 500 млн, ал 2022 жылы 2,4 млрд теңге көлемінде дивиденд алған.
«Осы заңсыз алынған қаражатты қалай қайтаруға болады?» – деген еді депутат.
2023 жылғы 5 шілдеде Бәсекелестікті қорғау агенттігі «Транстелекомның» өзге компаниялармен келісімшарттарды бұзуға шақырғанын, бұл заңбұзушылық екенін мәлімдеген.
Сол кезде журналист Әсет Матаев «ескі Қазақстан» өкілдерінің ықпалы күшейсе, бұл мемлекеттік тұрақтылыққа қауіп төндіретінін ескерткен болатын.
Ал 2025 жылғы 12 ақпанда KazTAG Нурали Әлиевтің «Транстелеком» директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кеткенін, компанияның сатылғанын хабарлады.
Фото: КазТаг

Ең көп оқылған
