Трамп Ресеймен сауда жасайтын Үндістанға 25% кедендік тариф енгізетінін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп 30 шілде, сәрсенбі күні TruthSocial әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде 1 тамыздан бастап Үндістанға 25% мөлшерінде сауда тарифі салынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл шешім АҚШ пен Үндістан арасындағы сауда теңгерімсіздігі және Нью-Дели мен Мәскеу арасындағы іскерлік байланыстарға байланысты қабылданған.
"Үндістан біздің досымыз болғанымен, көптеген жылдар бойы бұл елмен аз сауда жасадық, себебі оның тарифтері әлемдегі ең жоғары деңгейде. Сонымен қатар, басқа да ең қатал әрі әділетсіз сауда кедергілерін қолданады", – деп жазды Трамп.
Ол АҚШ пен Үндістан арасындағы "алып сауда тапшылығына" шағымданып, Нью-Делидің әскери техниканың басым бөлігін Ресейден сатып алатынын және Қытаймен қатар Ресейдің ең ірі энергия тасымалдаушыларының бірі екенін атап өтті.
"Барлығы Ресейдің Украинадағы қантөгісті тоқтатуын қалайды, бірақ Үндістан әлі де Ресейден сатып алуларын жалғастырып отыр. Сондықтан 1 тамыздан бастап Үндістанға 25% тариф пен қосымша айыппұл салынады", – деді Трамп, алайда айыппұлдың нақты қандай болатынын түсіндірмеді.
Бұған дейін, 14 шілдеде, НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездесуінде Трамп Ресейдің сауда серіктестеріне 100% қосымша тариф енгізетінін ескерткен еді, егер 50 күн ішінде (2 қыркүйекке дейін) Украинада бейбіт келісімге қол жеткізілмесе. 29 шілдеде ол бұл ультиматумды 10 күнге (8 тамызға дейін) қысқартты.
Айта кетейік, 2 сәуірде Трамп 185 елге, оның ішінде Үндістанға да 26% тариф енгізген болатын. Осыдан кейін Вашингтон мен Нью-Дели арасында сауда келіссөздері басталып, Politico-ның хабарлауынша, олар әлі жалғасуда және күзде сауда келісіміне қол қойылуы мүмкін.
Фото: Punit PARANJPE/AFP

Ең көп оқылған
