Атырауда «Таблиғи жамағат» ұйымын насихаттаған адам ұсталды

Фото: www.newsgeorgia.ge
Атырауда тыйым салынған «Таблиғи жамағат» діни ұйымының идеяларын таратты деген күдікпен ер адам ұсталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап www.malim.kz хабарлайды.
Тергеу мәліметтері бойынша, ер адам мешіттерде жастармен танысып, оларды үйіне шақырып, экстремистік қызметке қатысуға үгіттеген. Іздеу кезінде одан тыйым салынған кітаптар мен діни мазмұндағы электронды материалдар табылып, тәркіленген.
«Таблиги Джамаат» – Үндістан мен Пәкістанда пайда болған ұйым. Идеологиялық тұрғыдан ол азаматтық міндеттерден бас тартуды насихаттайды: отбасы тәрбиесіне, білім алу мен жұмыс істеуге мән бермеуге шақырады. Қазақстанда бұл қозғалыс экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған, себебі ол дәстүрлі моральдық және этикалық құндылықтарға нұқсан келтіріп, қоғамға қауіп төндіреді.
44 жастағы күдікті бұған дейін де осы экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотталған. Қазіргі уақытта экстремистік ұйымды құру және оған қатысу бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.