Азаматтық қоғам елдегі демократияның орнығуына ықпал етеді
Кейінгі жылдары үкімет әлеуметтік бағыттағы гранттар көлемін едәуір ұлғайтты

Еліміздің демократиялық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі - азаматтық қоғамның қалыптасуы мен нығаюы. Бұл үрдіс мемлекет пен халық арасындағы сенімді арттыруға, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауларында азаматтық қоғамды қолдаудың маңыздылығын атап көрсетіп, оның мемлекет дамуының негізгі тірегі екенін баса айтқан болатын.
Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет,- деді Мемлекет басшысы.
Республика көлемінде 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың басым бөлігі әлеуметтік салада қызмет етеді: балалардың, әйелдердің, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау, білім беру, экология және денсаулық сақтау мәселелеріне арналған жобалар. Соңғы жылдары үкімет әлеуметтік бағыттағы гранттар көлемін едәуір ұлғайтты. 2023 жылы бұл көрсеткіш 8 миллиард теңгеден асты, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 25%-ға көп. Осы қаржы арқылы ҮЕҰ түрлі жобаны жүзеге асырып, қоғамдағы осал топтарға қолдау көрсетуде.
Сонымен қатар, еріктілер қозғалысы да Қазақстанда кең етек алды. 2022 жылғы ресми деректер бойынша, «QazVolunteer.kz» платформасында 120 мыңнан астам тіркелген ерікті белсенді жұмыс істейді. Олар экология, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет салаларында өз үлестерін қосуда. Пандемия кезінде еріктілер дәрі-дәрмек жеткізу, жалғызбасты және қарт жандарға көмек көрсету, санитарлық шараларға қолдау көрсетумен маңызды рөл атқарды. Бұл өз кезегінде қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің жоғарылағанын және азаматтардың қоғамдық іске қатысуға сақадай сай екенін көрсетті.
Азаматтық қоғамның дамуы – бұл тек ҮЕҰ-дар мен еріктілерден ғана тұрмайды. Қоғамдағы әрбір адам өз өміріне және ортасына белсенді араласуға тиіс. Қарапайым мысал ретінде тұрғындардың өздерінің ауласына, көшесіне, қоғамдық орындарға деген қамқорлығын айтуға болады. Республика бойынша соңғы жылдары тұрғындар бірігіп, өздері тұратын жердің инфрақұрылымын жақсартуға, қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға, экологиялық тазалықты қамтамасыз етуге атсалысуда. Мұндай бастамалар қоғамдағы әлеуметтік келісім мен өзара сенімділікті нығайтады.
Азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалогты дамыту мақсатында Қазақстанда тұрақты түрде Азаматтық форумдар өткізіліп тұрады. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде бұл форумның тиімділігі мен қажеттілігі дәлелденіп, салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылатын алаңға айналды. Осында көтерілген іргелі бастамалар мен ұтымды ұсыныстар азаматтық қоғамды дамытуға және жалпыұлттық келісімді нығайтуға тың серпін береді.
Үкіметтік емес ұйымдар және қайырымдылық қорлары, белсенді азаматтар мен еріктілер ел тағдырына бей-жай қарамай, қоғамның өзекті мәселелерін шешуге барынша атсалысып жүр. Олар ынтымақтастық пен нағыз отаншылдықтың озық үлгісін танытып, еліміздегі бірлік пен татулықты сақтауға зор үлес қосып келеді. Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер қоғамда жаңа этика қалыптастыруды талап етеді. Осы орайда әділдік пен гуманизм, өзара сенім мен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен білімпаздық жаңа этиканың өзегі болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл шаралар қоғамдық пікірді жинақтап, билікке тиімді ұсыныстар мен сындарлы пікірлерді жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бағдарламасы аясында ашықтық пен есептілік артып, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуы кеңейіп келеді. Мұның бәрі демократияның терең орнығуына, азаматтық белсенділіктің өсуіне әсер етері сөзсіз.
Бүгінде Қазақстан азаматтық қоғамды қолдауда заңнамалық базаны жетілдіруде. Заңдар мен нормативтік актілер ҮЕҰ-лардың жұмыс істеуін жеңілдетуге бағытталған. Мемлекет осы салаға инвестиция салып, қоғамдық бастамаларға серпін беруде. Мұның нәтижесінде қоғам мен билік арасындағы шекаралар босаңсып, өзара түсіністік артып келеді.
Азаматтық қоғамның дамуы – бұл қоғамдағы әділдік пен теңдікті орнатудың кепілі. Бұл бағытта белсенді азаматтар, ұйымдар және мемлекеттік органдар бірге жұмыс істеуі тиіс. Мұндай ынтымақтастық еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді, халықтың өмір сүру сапасын жақсартады.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның дамуы – әрбір азаматтың қоғамға қосқан үлесіне байланысты. Айналамыздағы өзекті мәселелерге бейжай қарамау, әлеуметтік жобаларға қатысу - елдің нығаюына үлес қосатын маңызды факторлар. Қазақстанның азаматтық қоғамы әлі де дамып келеді, дегенмен оның келешегі зор. Алдағы уақытта азаматтық қоғам институттарының рөлі артып, еліміздің демократиялық дамуына ықпал ететіні сөзсіз.
Фото: anna-news.info