Бекбаеваның қазақ әйелдері туралы пікірі дау тудырды
Желі қолданушылары Бекбаевадан кешірім сұрауды талап етті

Әлеуметтік желіде жарияланған журналист, тележүргізуші Майя Бекбаеваның Алаш қайраткерлерінің неліктен орыс әйеліне үйленгені туралы қысқаша видеосы дау-дамайға түрткі болды, - деп хабарлайды Malim.kz.
Бейнежазбада Майя Бекбаева «Тарихтың белгілі бір кезеңінде олар бәсекеге қабілетсіз болды. Өйткені қазақ зиялыларының арасындағы ер адамдар – білімді, биік мақсаттарға ұмтылған – қастарында жай ғана үй қызметшісі мен аспаз бола алатын әйелдерді емес, өмірлік жолдас бола алатын, бірге қызықты әңгіме құрып, құнды, дана кеңес бере алатын әйелдерді іздеді. Айтқандай, махаббат теңін таңдайды» деп айтады.
Таспа кең таралып, қазақтілді қауымның кейбір өкілдері тарапынан қатаң сынға ұшырады. Журналист Мұхтар Түменбай Facebook-тегі парақшасына алғашқылардың бірі ретінде пост жазып Мая Бекбаеваның қазақ әйелдерін кемсітетін пікіріне қарсы уәж айтты.
«Бірнеше видео түсіріп, қазақ тарихы туралы айтып, енді қазақтардың аралас некелері туралы пікір білдіруге құқығың бар деп ойлайсың ба? Сен алашордашылар өздеріне тең әйелдерді іздеді дейсің. Қазақ әйелдері бәсекеге қабілетсіз болды, бұл талаптарға сай келмеді дейсің.
Еділ-Атилла, Керей, Жәнібек, Абылай, Кенесарыдай ерлерді дүниеге әкеліп, тәрбиелеген кім? Иә, олар Шыңғыс ұрпағы дейсің. Жарайды. Ал Бөгенбай, Қабанбай, Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді, Махамбет пен Исатай, Сырым мен Кейкідей батырларды кім тәрбиеледі? Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейдің құлағына күйдің әуенін кім сіңірді? Ал сендердің орыс келіндерің не әкелді?
Айтайын: олар өз тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін білмейтін ұрпақты қалыптастырды. Тегі мен тарихы жоқ халық. Жады мен тамыры жоқ мәңгүрттер», – деп жазды Түменбай.
Ал Майя Бекбаева журналистке берген жауабында бұл айыптауларды жоққа шығарды.
«Алаш көсемдерінің таңдаған әйелдері туралы сол шығарылымда, айта кетейін, бұл бірнеше жыл бұрын жарияланған, сіздер соншалық ашуланатындай сөздер айтылмады. Бұл – қазіргі қазақ қыздарына, олардың ата-аналарына, әкелеріне, ағаларына, күйеулеріне арналған үндеуім еді. Біздің қоғамдағы қыз-келіншектерге деген сексистік және кемсітуші көзқарас – шынайы мәселе. Маған арналған сіздің жазбаңыз – соның дәлелі. Қазақ әйелі азап шегіп, құрметке, өзіне деген тең құқық пен мүмкіндіктерге лайық. Білім алып, мансап құруға, махаббатпен тұрмыс құруға құқығы бар. Қазақ әйелі мұндай қарым-қатынасқа енді төзбейді. Сіздің мені осылай кемсітуге қандай құқығыңыз бар? Сізді кім осылай тәрбиеледі?»,- деп жазды Бекбаева.
Ал кинотанушы, мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызының жазуынша, бұл жазба кеңес одағы тұсында қалыптасқан стереотиптен шыққан. Қазақ әйелін білімсіз, төмен етекті шүйкебас деп көрсету бүгін басталмаған. Совет идеологтары қашан да қазақ әйелін бағынышты, білімсіз, жергілікті дәстүрдің құрбаны етіп көрсетуге мүдделі болған. Өйткені барлық отаршылдар сияқты, соның арқасында, Спивак айтпақшы, "қоңыр тәнді әйелді қоңыр тәнді еркектен құтқарған ақ нәсілді адам" ретінде орыс бейнелі Совет үкіметін алға тартты.
«1930-60 жж.қазақ киносында қазақ әйелін (Райхан, Ботагөз, Ән қанатында, тб) сипаттауда қашан да ақ нәсілді құтқарушы келіп қазақ қызының көзін ашатын сюжетті талап еткен. Талап еткені туралы дерек жеткілікті. Солайша, осы сипаттама бәрінің санасына шегеленді. Кейінгі совет дәуірі мен әлі күнге дейін сол нарративке сеніп жүргендер баршылық, мысалы Бекбаева ханым.
Тарихи тұрғыда қарасақ, ұзатылған қыздардың жасауына Абайдың өлеңдер жинағы, қолдан тігілген дәптер күйінде қосылып берілетіні дәстүрге айналғаны жиі айтылады (Тұрсынбайұлы 2016). Міржақып Дулатовтың "Оян қазағы" да ұзатылған қыздардың ең қымбат қазынасы қатарында жасауында болғаны айтылады (Дулатов 2004: 295). қымбат қазына ретінде кітап алатын қыздар, Абай мен Міржақыпты оқитын қыздар қалайша білімсіз болады?
Мұндай деректер төңкеріске дейінгі қазақ әйелі туралы кеңестік түсінікпен үйлеспеді, идеологиясына қолайлы болмады. Қоғамда әртүрлі әйелдер бар екенін мойындамай, қазақ қызын жаппай тек қана совет одағы келіп оқытты, білім беріп, адам қатарына қосты деген ой айту керек болды. Мысалы, Кинематография комитеті "Абай әндері" (1946) фильмін талқылағанда Ажар (Әмина Өмірзақова), Мағыш (Шолпан Жандарбекова), Қарлығаш бейнелеріне қатысты мынандай сын айтты: «бұларда қарапайым халыққа тән ...қарапайымдылық жетіспейді, тым білімді көрінеді» (Орталық архив). Өйткені олар білімділікті қазақ қызына қимайды.
Сол сияқты, цензорлар фильмдегі Рахия Қойшыбаева ғажап темпераментпен сомдаған Зейнеп ақынды Абай мен Пушкин поэзиясын насихаттаушы ретінде ғана қабылдап, «Айдардың өлімі сияқты шарықтау сәттерде Зейнеп Абайдың әндерін (Татьянаның әні) айтуы керек» деп ұсынған. Бұл пікірлер кеңестік идеологтардың қазақ әйелдеріне қашан да тәуелді, бағынышты рөл лайық деп есептегенін көрсетеді. Ал Бекбаева ханым сияқтылар сол совет одағы қазақ қызына жамаған қамытты одан әрі жапсыра түскісі келеді, стереотиптен шыққысы келмейді, өйткені алдымен, айқай ұраннан әрі ізденіс аз. Екіншіден, қазақ қызын кім кемсітпеп еді, тоқпақтай беруге болады деп ойлайтын шығар»,- дейді Ә.Бағдәулет.
Аталған тақырыпқа орай қоғам белсендісі Дина Елгезек те фб парақшасына пост салды.
«Қазақ әйелдері хақында жазған бүгінгі постымды Майя Бекбаева оқыпты. Телефон арқылы хабарласып мәселенің мән-жайын түсіндірді. Айтуынша, 2 жыл бұрын түсірілген деректі фильмін әлдебіреулер монтаждап, тұтас мәтінді қиып, жонып-кесіп 3 минуттық провакациялық бейнежазба етіп шығарған. Майя түсірген тарихи фильмдердің кейбірімен таныспын. Көршінің көңіліне қарап айта алмай жүрген кейбір деректерді батыл айтатын мінезіне тәнті болатынмын. Бірақ кешегі 3 минуттық ролик шынында менің де көңіліме қаяу салғанын жасырмаймын», -деп түйді Д.Елгезек.
Желіде қоғамдық пікір өршігеннен кейін Бекбаева Facebook-тегі парақшасына қайыра жазба жариялады.
«Біріншіден, бұл видео желіге менің тарапымнан, менің авторлық YouTube арнамнан немесе менің өзге де әлеуметтік желідегі парақшаларымнан жүктелген жоқ.
Екіншіден, бұл видеонің хронометражы (ұзақтығы) менің арнама жүктелген түпнұсқадан мүлдем өзгеше.
Үшіншіден, видеоны монтаждау арқылы оның бастапқы мазмұны бұрмаланған, логикалық желісі үзілген. Кейбір сөйлемдер, абзацтар мүлде алынып тасталған. Ал "қажетті" бөліктерді қиыстыра отырып монтаждау арқылы менің айтқан сөздерімнің мағынасы, авторлық әрі азаматтық ұстанымым мүлде бұрмаланған», - деп түсіндірді ол.
Әсия Бағдәулет қазақ әйелдерін кемсітуге арналған видео үшін Майя Бекбаеваға «абайламай сөйлеген соң кешірім сұрау айып емес» екенін айтты.
Фото: видеодан скрин
MalimBlocks

Президентке үндеу. Алатауды Алматы әкімінен құтқарыңызшы...
Бауыржан Байбек бастаған дауды Ерболат Досаев жалғастырмақ па? Алматының бір топ эко-белсенділері бүгін, 5 қазанда баспасөз жиынын өткізіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялады. Онда олар президенттен Алатауды Алматы әкімдігінен құтқаруды сұрап отыр.