457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Италия жастарды ауылда ұстап қалудың жолын тапты

Жылдар бойы Италия шалғай аймақтардағы жастарынан айырылып келді. Соңғы жетпіс жыл ішінде алыс ауылдардың халқы шамамен төрттен бірге азайған.
Осыған жауап ретінде мемлекет тарапынан бірқатар нақты шаралар қолға алынды: стартаптарға арналған гранттар, жас фермерлерге ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелер және миллиардтаған еуроға қаржыландырылған Borghi бағдарламасы іске қосылды.

Халқының 37 пайызы ауылдық жерлерде тұратын Қазақстан үшін бұл тәжірибе ауылдарды дамытуда тиімді үлгі бола алады.

Тарихтан статистикаға: Италиядағы шалғай ауылдардың босап қалу үдерісі

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Италияның шалғай провинцияларында халықтың жаппай қоныс аудару үдерісі басталды. Жастар aree interne деп аталатын алыс ауылдық аймақтарды тастап, ірі экономикалық орталықтарға көшіп кетті. Осы көші-қон нәтижесінде бүгінде италиялықтардың жартысынан астамы ірі қалаларда тұрады, ал көптеген ауылдық және таулы елді мекендерде тұрғындардың дені – жасы егде адамдар. Мұндай елді мекендер бүгінде «елестер ауылына» айналған.

1951 жылдан 2019 жылға дейінгі 70 жыл ішінде шалғай қоныстар халқы 26%-ға қысқарған. Ал сол кезеңде ірі қалалардың тұрғын саны 30–50%-ға артты. Елдегі жалпы демографиялық жағдайдың тұрақты болғанына қарамастан, соңғы онжылдықта да ең шеткері аймақтар халық жоғалтуды жалғастыруда.

Бұл дағдарыстан ең көп зардап шеккен – елдің оңтүстігі. Mezzogiorno өңірінде еңбек нарығының әлсіздігі жастардың жаппай қоныс аударуына себеп болды. Соңғы жылдары осы ішкі аймақтардан 330 мыңдай маман басқа өңірлерге көшіп кеткен, алайда олардың тек 198 мыңы ғана қайта оралған. Туу көрсеткішінің төмендеуі бұл құлдырау үдерісін одан әрі ушықтырып, адами капиталдың жоғалуына әкеліп отыр.

Жергілікті ерекшелікті ескерген тәсіл: Италияның ішкі аймақтарды дамыту тәжірибесі

Мәселенің ауқымын жете түсінген Италия үкіметі 2013 жылы шалғай және экономикалық тұрғыдан артта қалған өңірлерді дамытуға бағытталған Ішкі аймақтарға арналған ұлттық стратегияны (SNAI) қабылдады. Бұл — place-based, яғни әр өңірдің жергілікті ерекшелігін ескеретін, нақты қажеттіліктерге бейімделген саясат түрі.

Фабрицио Барка жетекшілік еткен жұмыс тобы ел аумағын жан-жақты зерттеп, басты өлшем ретінде мынадай критерийді қабылдады: егер ауруханаға, мектепке немесе теміржол станциясына жету үшін 20 минуттан астам уақыт қажет болса — бұл аймақ aree interne, яғни ішкі аймақ санатына жатады. Мұндай өңірлер Италия жерінің шамамен 60%-ын қамтиды және елдегі коммуналардың 50%-дан астамын құрайды. Алайда бұл аймақтарда ел халқының небәрі 22%-ы ғана тұрады. Сондықтан негізгі мемлекеттік қолдау дәл осы аумақтарға бағытталды.

2014–2020 жылдар аралығында 72 пилоттық аймақ таңдалды. Бұл — мыңнан аса коммунаны және шамамен екі миллион адамды қамтыған ауқымды жоба. Әр аймақ үшін жеке даму пакеті әзірленді, оған мынадай бағыттар енді: көлік және байланыс инфрақұрылымы, денсаулық сақтау мен білім беру сапасын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау.

Бағдарламаның басты қағидаты – «төменнен жоғары» тәсілі болды. Яғни, жергілікті әкімдер тұрғындармен бірге өңірдің негізгі проблемаларын анықтап, шешу жолдарын ұсынып, іске асыру процесіне тікелей жауапты болды.

2020 жылға қарай 71 аймақтық стратегия бойынша Еуропалық Одақ пен ұлттық бюджеттен 1,1 миллиард еуродан астам қаражат бөлінді. Бұл бастаманың негізгі логикасы екі бағытты қамтыды: біріншіден, шалғай ауылдарға базалық қызметтерді қала деңгейіне дейін жеткізу; екіншіден, жергілікті экономиканы қайта жандандыру.

«Оңтүстікте қаламын»: жастар кәсіпкерлігіне серпін

Жастарды ауылда немесе шалғай өңірлерде тек инфрақұрылыммен ұстап қалу мүмкін емес – ең алдымен, тұрақты табыс көзі мен жұмыс орны қажет. Осыны ескерген Италия үкіметі 2017 жылы елдің ең кедей аймақтарынан зияткерлік әлеуеттің сыртқа ағылуын тоқтату мақсатында Resto al Sud («Оңтүстікте қаламын») бағдарламасын іске қосты.

Бағдарлама аясында 1,25 миллиард еуро бөлінді. Алғашқы кезеңде ол оңтүстіктегі сегіз облысты (Абруццо, Апулия, Базиликата, Калабрия, Кампания, Молизе, Сардиния, Сицилия) қамтып, 35 жасқа дейінгіазаматтарға арналған болатын. Кейінірек бағдарлама жер сілкінісінен зардап шеккен бірқатар коммуналарды да қамти отырып, жастық шектеу алдымен 46-ға, ал 2021 жылдан бастап 55 жасқа дейін кеңейтілді.

Бағдарлама шарттары да жастар үшін өте қолайлы болды. Бір бизнес-жобаға құрылтайшылар санына қарай 50 мыңнан 200 мың еуроға дейін қолдау қарастырылды. Бұл соманың жартысы – қайтарымсыз грант, қалған бөлігі – мемлекеттік кепілдемемен берілетін жеңілдетілген несие, оның пайыздық мөлшерлемесін мемлекет атынан Invitalia даму агенттігі өтейді. Сонымен қатар, оңтүстік өңірлерде осы агенттік жастарға кеңес беретін ақпараттық орталықтар желісін іске қосты.

Дегенмен, алғашқы кезеңде ұсынылған жобалардың 40%-дан азы ғана мақұлданды. Көптеген өтінімдер техникалық талаптарға сай болмаған немесе дұрыс дайындалмаған. Бұдан бөлек, жастардың сәтсіздіктен қорқу психологиясы да өз әсерін тигізді – OECD мәліметтері бойынша, бұл көрсеткіш шамамен 60%-ға жеткен.

Бағдарламаны жетілдіру мақсатында кейін бірқатар өзгерістер енгізілді: енді фрилансерлер де қатыса алады, сондай-ақ бизнесті ірі қалалардан ауылдық жерлерге көшіруге рұқсат берілді.

Нәтиже көп күттірмеді. 2023 жылдың тамызына қарай 16 286 жоба қолдау тауып, 57 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ал 2025 жылғы деректерге сәйкес, бағдарлама шеңберінде шамамен 19 мың жаңа кәсіпорын құрылып, 63 мыңнан астам жұмыс орныпайда болған. Ең белсенді аймақтар – Кампания мен Сицилия: бұл өңірлерде шағын қонақүйлер мен наубайханалардан бастап, агротуризм және IT-қызметтерге дейінгі әртүрлі жобалар табысты жүзеге асуда.

Осылайша, бұрын жұмыс іздеп жүрген жастар туған өңірінде табыс табуға және кәсіпкерлікпен айналысуға батыл қадам жасап отыр. Бұл – мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі.

Италия ауылдарының екінші тынысы

Соңғы жылдары Италияда қабылданған бірқатар бастамалар енді жеке кәсіпкерлерге емес, тұтас өңірлер мен ауылдарға, соның ішінде тарихи құндылығы жоғары шағын елді мекендерге бағыттала бастады. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі — 2021 жылы Еуропалық Одақтың «Next Generation» (дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру) жоспары аясында іске қосылған «Attrattività dei Borghi» («Ауылдардың тартымдылығы») бағдарламасы болды.

Бағдарлама мақсаты — елдегі жартылай қаңырап бос қалған тарихи ауылдарды мәдени және туристік тұрғыдан қайта түлету. Жоба Ұлттық қайта қалпына келтіру және тұрақты даму жоспары (PNRR) шеңберінде жүзеге асып жатыр және оны Италияның Мәдениет министрлігі үйлестіреді. Бұл бастамаға 1 миллиард еуробөлінді.

Екі бағыт — екі түрлі масштаб

Бағдарлама екі негізгі бағыттан тұрады:

«А» бағыты — елдің әр аймағынан таңдалған 21 пилоттық боргоны (шағын тарихи ауыл) толық жандандыруға бағытталған. Бұл — жойылып кету қаупі төнген ауылдар. Әрқайсысына шамамен 20 миллион еурокөлемінде қаржы қарастырылды. Қаражат тарихи ғимараттарды қалпына келтіруге, музейлер мен мәдени кеңістіктер ашуға, туризм мен креативті индустрияларды дамытуға жұмсалуда.

«В» бағыты — ауқымы кең, бірақ бюджеті аздау бағыт. Мұнда 229 жоба байқау арқылы іріктеліп, оларға 580 миллион еуро бөлінді. Қаражат мектептер мен қоғамдық алаңдарды жөндеуге, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға, жергілікті өнімдерді насихаттауға және тұрғындарға арналған мәдени-әлеуметтік іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталған.

Италия үкіметі шағын ауылдарды тұрақты туризмнің болашағы ретінде қарастырып отыр. Олар болашақ турист Венеция мен Римдегі адам ығы-жығының орнына табиғаты көркем, мәдениеті бай ауылдарға барып, ірімшік дәмін татып, аутентті көшелерді аралауға ынталы болады деп есептейді. Алайда бұған жету үшін ең алдымен ауылдарды жойылып кету қаупінен құтқару қажет.

Ауыл кәсіпкерлігі — жаңа мүмкіндіктер

Бағдарлама тек мәдени және инфрақұрылымдық жобалармен шектелмейді. 2023 жылы оған қосымша ретінде «Imprese Borghi» жобасы іске қосылды. Бұл бастама ауылдардағы шағын және орта бизнесті дамытуға арналған. Жоба аясында 200 миллион еуро көлемінде гранттар бөлінді.

2024 жылдың ортасына қарай осы жоба шеңберінде 2 800 жаңа бизнес-бастама қолдау тауып, жалпы сомасы 189 миллион еуро қаржыландырылды. Бұл жобалар көбіне отбасылық қолөнерден бастап әлеуметтік стартаптарға дейінгі шағын кәсіп түрлерін қамтиды. Бір қарағанда, бір ауылда 5–10 жаңа жұмыс орны ғана құрылуы мүмкін. Бірақ бұл ауыл ауқымында өте маңызды көрсеткіш, өйткені мұндай өзгерістер жергілікті экономиканың жандануына, жастардың ауылда қалуына және ауыл өмірінің қайта жандануы мен тұрақтануына ықпал етеді.

Жаңа тыныс: Италияда ауыл шаруашылығына жастар тарту жолдары

Италияда фермерлер қожалықтарының иелері жылдан жылға қартаюда — бүгінде олардың орташа жасы алпыс жастан асып кеткен. Бұл жағдай елдің аграрлық болашағына алаңдаушылық тудырып отыр. Осыны ескерген үкімет ауыл шаруашылығына жастарды тартуға бағытталған батыл қадамдарға барды.

Жер мен қолдауға жол ашқан бағдарлама

2022–2023 жылдары Италияның Аграрлық нарық қызметтері институты – ISMEA арнайы Generazione Terra («Жер ұрпағы») бағдарламасын іске қосты. Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл шаруашылығын кәсіп ретінде таңдаған жас буынға жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы жер алуға мүмкіндік беру.

Бағдарлама шарттары өте қолайлы:

• 41 жасқа дейінгі кез келген фермер құны 1,5 миллион еуроға дейін жететін ауыл шаруашылығы жерін сатып алу үшін 30 жылға дейінгі мерзімгенесие ала алады.

• Егер бұл азамат жаңа фермерлік компания ашатын болса, мемлекет тарапынан оған 70 000 еуро көлемінде қайтарымсыз бонус қарастырылған. Бұл сома алғашқы жарнаны жабуға бағытталады.

Ал 35 жасқа дейінгі, бірақ тәжірибесі жоқ жастар үшін бағдарламада жеңілдетілген нұсқа ұсынылған. Олар:

• Құны 500 мың еуроға дейінгі несие ала алады;

• Бұл қаражатты тек жер сатып алуға ғана емес, аграрлық білім алуға немесе фермер ретінде ресми тіркелуге де пайдалану мүмкіндігі бар.

Бағдарламаның жалпы бюджеті — шамамен 100 миллион еуро. Бұл – жас буынға ірі бастапқы капиталсыз ауыл шаруашылығына қадам жасауға жол ашатын маңызды мүмкіндік.

Мемлекеттік жер – жастарға

Бағдарламаны қолдаудың тағы бір тетігі ретінде үкімет 800-ге жуық мемлекеттік жер телімін нарыққа шығарды. Бұл бастама ауылдағы бос жатқан жерлерді тиімді пайдалануға, әрі жастардың жерге деген қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Generazione Terra бағдарламасының нәтижелері туралы нақты айтуға әлі ерте — өтінімдер қабылдана бастағанына көп бола қойған жоқ. Дегенмен, жастардың қызығушылығы жоғары, әсіресе елдің орталық және оңтүстік өңірлерінде: бұл аймақтарда иесіз қалған егістік пен қора-жай жеткілікті.

Алғашқы нәтижелер: Италия ауылдарының қайта жандануы

Соңғы жылдары Италия билігі ауылды аймақтарды жандандыру мақсатында әртүрлі тәсілдерді сынап көріп келеді. Жекелеген бағыттар бойынша алғашқы оң нәтижелер де байқала бастады. Мысалы, SNAI бағдарламасы бұрын тек сайлау науқандары кезінде ғана еске алынатын шалғай ауылдарға нақты қаржы тартуға жол ашты.

Бірқатар өңірлерде инфрақұрылым жақсарып, пилоттық жобалар сәтті іске асты.
Мәселен:

• Пьемонттағы Валь Маира алқабында ауыл тұрғындарын қалаға белгілі кесте бойынша жеткізетін карпулинг – ортақ көлік жүйесі іске қосылды.

• Лигурия өңірінде таулы ауылдарда мектепке дейін бір сағат жол жүретін оқушыларға арналған қашықтан оқу сыныптары ашылды.

• Молизеде ауылдағы шағын дәріханалар «ақылды» дәріхана жүйесіне көшіп, телемедицина арқылы тұрғындар дәрігер кеңесін онлайн ала бастады.

• Сицилияның Мадоние аймағында көшкін қаупі жоғары елді мекендерде ерте ескерту жүйелеріорнатылды.

Бұл бастамалар – Италияның ішкі аймақтарын қалпына келтіруге бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі. OECD сарапшылары бұл тәжірибені көпдеңгейлі басқарудың үлгісі ретінде бағалайды: түрлі министрліктер мен қорлар арасындағы қаржы бір орталыққа жинақталып, мемлекеттік және жергілікті бастамалар бір арнаға тоғысты.

Қиындықтар мен шынайы сын

Алайда бұл саясаттың кемшіліктері де жоқ емес. SNAI бағдарламасына 10 жылға жуық уақыт өтсе де, демографиялық құлдырауды тоқтату мүмкін болмады– көптеген ауылдарда халық саны әлі де азаюда. Италия Сенатының ресми мәліметіне сәйкес, жүздеген миллион еуро жұмсалғанымен, әсері әлі де мардымсыз.
Мәселен:

• Бағдарламаны жүзеге асыру қарқыны баяу болды.

• Әсіресе елдің оңтүстігіндегі тәжірибесі аз жергілікті әкімдіктер бөлінген қаражатты толық игере алмады.

Сол сияқты, «Resto al Sud» бағдарламасы да толық шешім емес екені байқалды. Жаңа кәсіпорындар құрылып жатқанымен, экономикалық тұрғыдан әлсіз өңірлердегі құрылымдық мәселелер әлі шешілген жоқ.
Кәсіп бастағандардың бір бөлігі жеңілдік кезеңі аяқталған соң, тұрақты тұтынушы таппаса, бизнесті жабуға мәжбүр болуда.

Халықтың пікірі: алғыс пен үмітсіздік қатар

Бағдарлама қатысушыларының пікірлері екіұшты.
Бір жағынан, жас кәсіпкерлердің көпшілігі мемлекеттен алған мүмкіндік үшін шынайы ризашылығын білдіреді. Өңірлік баспасөзде:

«Егер бұл грант болмағанда, мен Римге барып даяшы болар едім. Ал қазір туған қаламда наубайхана аштым»,– деген секілді әңгімелер жиі жарияланып жүр.

Екінші жағынан, кей ауылдарда тұрғындар қолданылған қаражат тек «сыртын әрлеуге» жұмсалды деп сын айтады.

«Ауыл орталығын сырлап қойды, бірақ жұмыс жоқтың қасы», – деп шағымданғандар да аз емес.

Svimez (Неаполь) сарапшыларының пікірінше, егер ауылдарда мектеп, аурухана және интернет сапасыайтарлықтай жақсармайтын болса, мұндай бір реттік жобалар ауыл ахуалын түбегейлі өзгерте алмайды. Қала мен ауыл арасындағы тұрмыс деңгейі мен қызмет сапасындағы алшақтық әлі де үлкен күйінде қалып отыр.

Серпін байқалады

Соған қарамастан, оң өзгерістер де бар. Жаңа мүмкіндіктер пайда болған ауылдарда жастардың көшіп кету қарқыны бәсеңдей түскен. Коворкингтер, шарапханалар мен агротуризм бағытындағы жобалар ашылған елді мекендерге халық қайта орала бастады.

Пандемиядан кейін тіпті «South Working» атты құбылыс пайда болды — оңтүстіктен қашықтан жұмыс істеутренді кең етек жайды.

Миландағы кеңсеге қайтудың орнына, интернеті жақсарған туған провинциясында қалып жұмыс істеудітаңдаған жастар саны артуда.

Осы серпіннің арқасында Италия үкіметі ауылдарды жандандыру саясатын уақытша шара ретінде емес, тұрақты мемлекеттік саясат деңгейіне көтеруді жоспарлап отыр.
Еуропалық Одақтың 2021–2027 жылдарға арналған бюджетінен ауылдарды қолдауға жаңа қаржыландыру транштары бөлінді. Ал ұлттық жоспарлар аясында рәсімдер жеңілдетіліп, қаржы ауылға жедел жетуі үшін жаңа ережелер енгізілмек.

Италиядан жеткен сабақ, Қазақстанға жетер ой

Италия тәжірибесінен алынатын ең басты сабақ — ауылды дамытуда бір ғана құрал жеткіліксіз.
Жол салынып, инфрақұрылым тартылған күннің өзінде, егер ол жерде жұмыс көзі болмаса, халық тұрақтамайды. Сол сияқты грант берілгенімен, егер күнделікті қызметтер мен тұрмыс сапасы артпаса, бұл шаралар да ұзақмерзімді нәтиже бермейді.

Шынайы өзгеріс тек үш негізгі фактор — инфрақұрылым, жұмыспен қамту және өмір сапасы — үйлескенде ғана тұрақты бола алады. Ал бөлшектенген, үйлесімсіз әрекеттер керісінше, бастапқыда дүрбелең туғызғанымен, уақыт өте ұзаққа созылған үнсіздік пен тоқырауға әкеледі.

Осыны түсінген Италия билігі ең алдымен «құлдыраған аймақтарды» нақты картаға түсіріп, оларға ерекше мәртебе беріп, ресурстарды дәл сол өңірлерге шоғырландырды. Бұл – «place-based» тәсілінің негізі: яғни аймақтың өзіндік ерекшеліктеріне бейімделген саясат.
Мұндай тәсіл арқылы ауруханалар мен мектептер жаңартылды, шағын бизнес субсидияланды, ауылдар өмір сүруге де, туризмге де тартымды мекен ретіндетаныла бастады.

Жас фермерлерге жол ашу — маңызды міндет

Италияның тағы бір назар аударарлық бағыты – жас фермерлерге арналған саясат.
Мемлекет:

• жер мен техника сатып алуға ұзақмерзімді жеңілдетілген несие береді;

• тәлімгерлік жүйені енгізіп, жаңа бастаған фермерлерге жол көрсетеді;

• аграрлық салада кәсіби жол қалыптастыруғамүмкіндік жасайды.

Бұл Қазақстан үшін де өте өзекті сабақ. Өйткені ауыл шаруашылығы саласында маман тапшылығы күшейіп, агрономдар мен мал дәрігерлерінің жасы ұлғайыпкеледі.
Егер 20–35 жас аралығындағы жастарға ауыл шаруашылығына кіру жолы ашылмаса, техника да, инновация да өздігінен нәтиже бере алмайды.

Тұтас көзқарас қажет

Италия тәжірибесі көрсеткендей, ауылдың болашағын жеке-жеке қадамдармен емес, тұтас жүйелі стратегиямен қарастыру қажет. Жастар үшін шешуші фактор тек айлық көлемі емес. Олар үшін маңыздысы:

• жылдам әрі тұрақты интернет,

• сенімді медицина мен қолжетімді емхана,

• балалары сапалы білім алатын мектеп,

• еркін бас қосатын қоғамдық кеңістіктер.

Сондықтан мәселе — жекелеген нысандар салуда емес, тұтас аймақтың толыққанды бейнесін жасап, оны табандылықпен жүзеге асыруда.
Италия дәл осыны түсінді: қаржыны адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетіп әрі тартымды ететін бағыттарға салды.
Сөйтіп, ауылда қалу романтикалық ерлік емес, ақылға қонымды, саналы таңдау ретінде қалыптасты.

Қазақстанға бейімделген тәсіл

Бұл тұрғыда Қазақстандағы Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының ұстанымы назар аударарлық.
Қор жұмысы белгілі бір ауданның болашағын елестетуден басталады:

• жан-жақты талдау жүргізіледі,

• ұзақмерзімді даму стратегиясы жасалады,

• әлеуметтік-экономикалық белсенділік, табиғи және адами ресурстар, артықшылықтар мен кедергілертолықтай зерттеледі.

Даму стратегиясы үш негізгі бағытты қамтиды:

1. Экономика,

2. Әлеуметтік орта,

3. Экология.

Жобалар мына екі қағидатқа сүйеніп жүзеге асады:

• Шешімдер бизнес, билік және қоғам өкілдерінің бірлесуімен қабылданады – яғни жобалар «сырттан түсіп» келмейді.

• Жоспарлау «болашақтан бүгінге қарай» жүргізіледі– 10 немесе 20 жылдан кейін аудан қандай болғысы келеді, сол мақсатқа қарай ресурстар бөлінеді.