Тоқаев пен Мелони келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Италия Министрлер Кеңесінің төрағасымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Джорджа Мелонимен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Жиынға екі ел делегациялары қатысты.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия стратегиялық серіктес екенін атап өтті. Қос елдің қарым-қатынасы өзара құрметке, сенім мен ортақ мүддеге негізделген.
Президент мемлекеттер арасында тығыз саяси диалог орнап, берік экономикалық ынтымақтастық дамып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыс беки түскеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Италияның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі, ал Италия еліміздің сауда әріптестерінің үштігіне енетін және ірі инвесторларының бірі екенін айтты. Елдер арасындағы тауар айналымы 24 пайызға артып, өткен жылы 20 миллиард долларға жетті.
"Сіздің басшылығыңызбен Италия Үкіметінің Қазақстанмен арадағы тығыз қарым-қатынастарды сауда және инвестиция салаларында ғана емес, парламентаралық ықпалдастық бағытында дамытуға ұмтылысын жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ екіжақты гуманитарлық ықпалдастыққа да шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің бұл сапарыңыздың екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан маңызы зор. Халықаралық аренада Қазақстан мен Италияның байланыстары сенімді әрі стратегиялық серіктес сипатында жалғаса береді деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.
Президент кейінгі жиырма жылда Италия Қазақстан экономикасына 7,6 миллиард долларға дейін инвестиция құйғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont және Ballestra секілді ірі инвесторлар бастаған 270-ке жуық италиялық компания табысты жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Фото: Ақорда

Самое читаемое
