Кеңшілік Тышқанұлы, теолог: Ақылды тоқтатып, діннің ізінен ерсе – радикализмге, дінді қойып, ақылды қуса – атеизмге апарады
Салафизм бағытын ұстанатындардың кейбірі өзі иланған құндылығын сыртқа шығарып, дәріптегісі келеді.
Жуырда Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде жамағат арасында жанжал шықты. Әлеуметтік желіде тараған видеода намаз оқып тұрған бір адамды екінші бір кісі ұрып құлататыны көрінеді.
Ақпарат құралдары таратқан мәліметке қарағанда, таяқ жеген кісі фатиха сүресінен кейін «Әмин» сөзін дауыстап айтқан. Ал оған қол жұмсаған адам жәбірленушінің мешіт ережесі бойынша «Әминді» іштен айтпағанына наразы болған. Әлеуметтік желіде ұрған адам ханафи, ал, соққы алған салафи мазхабі жамағатынан екені де айтылды.
Осы ретте Malim.kz сайты Жусан операциясымен Сириядағы соғыстан елге әкелінген қазақстандықтарды және діни радикализм айыбымен сотталған азаматтарды оңалту жұмысымен айналысып жүрген теолог, ғалым Кеңшілік Тышқанұылмен сұқбат құрды.
Салафизмде төзімсіздік бар
- Мешітте жанжал шықты. Оны жұрттың бәрі көрді. Қасиетті саналатын орындағы жағдай көптің талқысына түсті. Жалпы, неліктен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мұндай келеңсіздіктің алдын алып, тәртіп орнатпайды?
- Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы діни мекеме. Оның құқықтық тұрғыда тәртіп орнатуға құзыреті жоқ. Басқарма мешіт ережесі, жамағаттың ауызбірлігі мен тыныштығы бұзылған жағдайда ғана полицияға арыздануға құқылы. Ал ондай адамға қоғамдық орында тәртіп бұзғаны үшін айыппұл салынуы мүмкін. Қысқаша айтқанда, тәртіп бұзушының әрекетін ҚМБД заңды түрде шектей алмайды.
Салафизм бағытын ұстанатындардың кейбірі өзі иланған құндылығын сыртқа шығарып, дәріптегісі келеді. Олар «Намазда «Әминді» дауыстап айтсам, сүннетке, пайғамбарға жақындаймын. Құдайға деген сенімімді неліктен біреуден қорқып, жасыруым керек?!» деп ойлайды. Сөйтіп, өздері дін деп түсінген радикалды бағытты барынша агрессивті түрде сыртқа шығаруға тырысады. Болмаса, «Сен де солай істе!» деген ишарамен ойын, сенімін басқаға таңуға дайын тұрады.
Жалпы, салафизмде төзімсіздік, агрессияға жақындық бар. Себебі, олар басқаны «дінсіз, адасқан» деп қабылдайды. Көбіне ондай кісілерде өзімен «бағыттас еместермен қатаң қарым-қатынас жасау керек» деген түсінік қалыптасқан.
Ал негізі бұл жерде бір қайшылық бар. Айталық, ондай адамдар өздері мешітте имамның соңына еріп, намаз оқиды. Бірақ, имамды «адасқан» деп есептейді.
Есесіне, жұртқа өздерінің агрессивті ұстанымын көрсетуге бейіл тұрады.
Қарапайым этикалық қағдидаларды елемейді. Мысалы, мешітте аяғын құбылаға қаратып жатуы мүмкін, тағы басқа дегендей. Міне, осындай әрекеттермен олар қарапайым жамағат арасында реніш тудырады.
Имамдар мешітте дұрыс бағытта жүру керегі турасында уағыздарды айтуындай-ақ, айтып жатыр. Бірақ, дінге әркім әр жолмен келеді ғой. Мәселен, бір адам салафизмді түрмеден үйреніп шығады. Бостандықта мешітке барғанымен, олардың кейбірі құлшылық орнының бекітілген ережелеріне бағына бермеуі мүмкін. Өйткені, оларға «Дін деген, тура жол деген – осы. Құдайға жағамын десең, осы бағыттан тайма. Пайғамбар «Қиямет жақындағанда, мұсылмандар жалғыз қалады» деген. Сол үшін жаныңда демейтін ешкім болмаса да, соңына дейін күрес» деген сарындағы уағыз айтылған. Ал ондай үгіт-насихатқа «тойып алған» адам не істейді? Әлбетте, мешітке барып, мінезін көрсетеді.
Жалпы, мешітте болсын, басқа жерде болсын, қай мазхабті ұстанса да, әрбір адам заң бұзбай, бір-бірін сыйлауы керек. Күш қолдануды ақтауға болмайды.
Радикалдар қатары жастар есебінен көбейіп жатыр
- Он шақты жыл бұрын деструктивті ағымдарға кірушілер қатары көп болатын. Олар тіпті Сириядағы соғысқа да барғаны есімізде. Ал енді қазіргі жағдай қалай?
- Естеріңізде болар, 2019 жылы «Жусан» операциясымен Сириядағы соғысқа қатысы бар 600 жүзге жуық Қазақстан азаматы елге әкелінді. Олардың 400 ден астамы бала болған. Теолог ретінде осы және түрмедегі басқа да діни радикал ұстанымдағы азаматтарды оңалту жұмыстарымен айналысып келемін.
Соңғы жылдары байқағаным, бұрынғымен салыстырғанда, теріс ағымдарға кіру әжептәуір азайған. Себебі, қоғамда діни сенімге байланысты белгілі бір деңгейде иммунитет қалыптасып келе жатыр. Салафи, уахаби деген кімдер, ханафи мазхабі деген не? Осындай сұрақтарға жұрт өздігінен жауап іздей бастаған. Соның арқасында жұрт дінге қатысты кей мәселеге өзіне өзі жауап бере алатын деңгейге жетіп қалды. Осыған қарап, діндарлану процесінің баяулағанын көреміз. Дегенмен, ол мүлде тоқтап қалды деуге тағы келмейді.
Себебі, салафи бағытындағы уағызшылар түрмелерде отыр. Ал, олар жай отырмай, уағыздарын айтып, қатарына адам тартып жатыр.
Бұған дейін интернетте діни радикализмге кіруге үгіттейтін түрлі аккаунттар мен ресурстар бұғатталды. Десек те, интернетте шектеу болмағасын, әлемнің әр түкпірінде айтылып жатқан уағыздарға жастар құлақ түреді. Ол уағыздарды өзара бөліседі. Әне, осындай жолдар арқылы теріс ағымдардың жетегінде кету процесі бар. Оған көптеген радикал азаматтардың бала-шағасын өзі білетін, өзі сенетін бағытта тәрбиелеп жатқанын қосыңыз. Сондықтан, бұл мәселеден толық құтылдық, проблема түпкілікті шешілді деп айту қиын. Яғни, радикалдардың қатары жастар есебінен көбейіп жатыр.
Теологпен сөйлескендердің беті бері қарайды
- Радикал бағытта дін ұстанған азаматтарды оңалту қаншалықты қиын?
- Мәселенки, бір адам 40 жыл бойы бір қағиданы ұстанады, тәжрибе жинайды, білім алады делік. Ал енді оған басқа біреу келіп: «Мұның қате. Дұрыс емес» десе, әлгі адам оған: «Менде шаруаң болмасын» дейтіні анық. Неге десеңіз, ол қанша жылдан бері ұстанып келе жатқан сенімін біреу айтты екен деп, бірден жоққа шығара қоймайды. Яғни, адам пенде болғасын өзі ұстанатын құндылықтарды сақтап қалуға барын салады.
Алайда, дін теологиялық тұрғыда терең талдауды қажет етеді. Құран аяттарының, пайғамбар хадистерінің түсіндірмелері, мазхаб арасындағы мәселелер бар, мысалы. Осы айтылғандарды жеке-жеке емес, тұтастай алып қарағанда ғана анық картина шығады. Біртұтас дін туралы түсінік қалыптасады.
Кейбір діннен айтарлықтай хабары жоқ кісілер қызды-қыздымен «Ханафи мазхабі дұшпан. Әбу Ханифа қателескен» деген жаңсақ пікір айтып қалатынын естідім. Сөйлесе келе, ондай адамдардың Әбу Ханифаның бір де бір кітабын оқымағаны анықталады. Мұндай кісілермен теолог ретінде өткізетін пікірталастарда қателескенін дәлелдеп береміз. Сонда ғана теріс ойлағанына көзі жетіп, айтқан дәлел-дәйекпен келісіп жатады.
Логика: Жер домалақ па, тегіс пе?
- Теріс ағымдарға негізінен кімдер, қандай адамдар барады? Ондай кісілердің ортақ образы бар ма?
- Жалпы, көп жағдайда, радикалдар логиканы харам деп есептейді. Абдул Уахаб өз кітабында музыка, философия және логика харам дейді.
Ал, логика діндегі қайсыбір қағидаттарды ақылмен түсіндіру дегенді білдіреді.
Алайда, барлық адам бірдей өз ақылына сыймағанды қабылдай алмайтыны тағы бар. Негізі, діни пікірталас кезінде осындай кісілердің логикасын оятуға болады.
Теолог ретінде оңалту мақсатында жұртпен сөйлесемін ғой. Сонда кейбір азаматтардың ойы қызық екенін байқадым. Бір кісілер: «Құранда біз жерді сендердің табандарыңның астына тегіс етіп жаздық» деп жазылған. Демек, жер домалақ емес, тегіс» дейді. Оларға «Америкада қазір түн бе, күн бе?» деген сұрақ қойсаң, «Түн» деп жауап береді. «Ендеше, неге барлық жерге күн түсіп тұрмайды? деп сұраймын. Кәмдімгідей ойланып қалады. Міне, осындай сұрақтар арқылы олардың логикасын оятуға болады.
Тағы бір мысал. Сириядан «Жусан» операциясымен елге келген бір келіншек жаңа туған баланы жалаңаштап, теңіз жағасында, шақырайған күннің астында ұстап жүр екен. Мен оған: «Айналайын-ау, балаға күн тиеді ғой» десем, ол: «Құдай қаласа, күн тимейді» дейді. Мен оған: «Құдай саған бала нәсіп етті. Енді оған ақылы кіргенге дейін саған берілген аманатқа дұрыстап қарап, сақтауың керек. Әйтпесе, «Құдай қаласа, өледі, қаламаса, өлмейді» деген дінде жоқ. Бұл зомбилық» деп түсіндірдім. Осындай адамдар ғой «Құдай қаласа, мен өлмеймін!» деп Сирияға кетіп қалатын. Сириядан келгендерден «Ол жаққа неге бардыңдар?» деп сұрасаң, білмейді. Халиф дегенді көрмеген, соғысқа біреудің уағызын тыңдап, соған еріп кете берген.
Сол себепті ақыл мен дінді қатар ұстану керек. Сонда ғана не жақсы, не жаман екенін түсінесіз. Біздің дәстүрлі діннің ерекшелігі сол. Яғни, ақылды жоққа шығармайды. Сол арқылы жамандық жасамауды, обал-сауапты, ар-ұятты түсінесіз.
Қазақ бұрын діншіл адамды хәкім деп атаған. Хәкім деген бір нәрсенің астарын түсінетін адам дегенді білдіреді. Ал астарды ұғыну үшін адамда ақыл болғаны ләзім.
Ақылды тоқтатып қойып, діннің ізінен ере берсе, ол радикализмге әкеледі. Ал тек ақылға сүйене беретін болса, онда ол атизмге әкеледі.
Түрмеден шыққан радикал қателігін қайталамауға тырысады
- Сириядан келгені бар, басқасы бар деструктивті ұйым өкілдерінің біразы қазірде түрмеде отыр. Түзету мекемелеріндегі осындай азаматтарды оңалту жұмыстары қалай жүреді?
- Түрмедегі жағдай екі түрлі. Біреулермен теологтар тұрақты сөйлеседі, жұмыс істейді. Қылмыс жасамаған, Сириядағы соғысқа адасып барғандар қамауда отырып, кітап оқып, дінді талқылап, көп нәрсеге кеңінен қарай бастайды. Ондай адамдардың оңалу процесі бар. Яғни, көзқарасы өзгереді. Ал кей жағдайда басқа баптармен сотталғандар радикалды азаматтардың жанына түсіп қалғанда радикалдану үрдісі жүреді. Яғни, ондай адамдар түрмеден шыққан кезде радикал, теріс ағым өкілі болып қалыптасып шығуы мүмкін. Себебі, бізде радикалдарды бөлек қамамайды. Ондай адамдар бөлек жүрмеу үшін, басқа да себептермен сондай радикалдарға қосылуы мүмкін.
Жалпы, түрмеде оңалту жұмыстары бостандықта жүрген радикалдарға қарағанда, нәтижелі жүреді. Себебі, бас бостандығынан айырылған адам теологтармен кездесуден түрлі сылтау айтып, қаша алмайды. Сөйтіп, ертерек босап шығуға талпынады. Отбасымен қауышқысы келеді. Әртүрлі мүдделері бар дегендей. Сондықтан, теологтардың түрмедегі жұмысы, бостандықта жүргендерге қарағанда, әлдеқайда жемісті деуге болады. Ал бостандықтағы адамдарды ұстап тұра алмайсыз.
Түрмеден шыққанда радикалдардың көбінің беті бері қарайды. Өйткені, қайтадан басқа ағым өкілдерімен араласып, өзіне проблема жасағысы келмейді.
Қателігін қайталамауға тырысады. Тыныш өмір сүріп, бала-шағасына, ата-анасына қарағысы келеді. Албыртықпен қате істегенін түсінеді. Кейбіреулер тіпті діннен бас тартады. Діннен бас тартапғандары ешқандай ағымға ермей, қалыпты жағдайда өмір сүруге болатынын ұғады.
Заң керек
- Қазірі елдегі діни ахуалға қандай баға берер едіңіз?
- Діни ахуалға бір сөзбен баға беру қиын. Қазір тұрақты деп жүрміз. Жалпы, діни жағдай тұрақсыз болғанға дейін ғана тұрақты болады. Сол себепті, діни ахуалды толық шештік деп айту қиын. Қазір барлық әкімдіктерде дін істері басқармалары бар. Олардың ішінде дін мәселелерін зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Теологтар мен басқа да мамандар оңалту жұмыстарымен айналысып жатыр.
Деструкивті діни ұйым өкілдері бір жағынан көбейіп жатса, екінші жағынан жоғарыда аталған орталықтар олардың бетін бері қайтарып жатыр. Сондықтан, мемлекет белгілі бір бағдарламалар арқылы осы бағытты қаржыландырып, ұстап тұр деп айтсақ болады. Бірақ, бізде радикализмге, радикалды бағыттарды ұстанушыларға нақты құқықтық анықтама берілмеген. Яғни, заңда дәстүрлі дін, радикализм, экстремизим дегендердің нақты статустары жоқ. Салафизм, уахабизмге байланысты сондай жағдай. Тек Таблиғи-жамағат деген сияқты тиым салынған көптеген террористік ұйымдар бар. Ал салафизм деп тиым сала алмаймыз. Олай етсек, біз көптеген салафизм ресми идеологиясы саналатын араб мемлекеттерімен қарым-қатынасымыз қиындауы мүмкін. Сол себепті бұлай ету мемлекеттің саяси мүддесіне сәйкес келмеуі ықтимал. Одан бөлек адам құқы, сенім бостандығы деген ұғымдар бар. Оның үстіне, салфизмге тиым салынса, олар атын өзгертіп, басқаша тарала береді дегенді де жоққа шығара алмаймыз.
Сол үшін құқықтық тиымнан гөрі олардың белгілеріне тиым салу керек.
Мысалы, радикалимзді заңда нақтылау керек. Осындай радикал деген категорияға кіретін азаматтармен жұмыс істеу керек. Мұндайда олар теологқа «Маған не үшін келдің?» деп айтпайды. Теолог заңды алға тартуға құқылы болады. Сонда ғана мәселе шешіледі. Қазір бұл тарапта заңнамаға өзгеріс енгізу жайы айтылып жатыр. Бәлкім, өзгеріс еніп қалар.
Діни ұйымдар билікке қол жеткізгенде шынайы бейнесін көрсетеді
- «Салафизм, жат ағым» деп жатырсыз ғой. Мұндай азаматтар өз сенімі, ережесі бойынша жүре берсе болмай ма? Мысалы, тілге тиек еткен жанжалдан кейін әлеуметтік желіде, қоғамда ««Әмин» сөзін сырттай, дауыстап айтса не болады? Одан қандай зиян бар?» деген тұрғыда пікірлер айтылды...
- Біздің қазақ қоғамында діни бірегейлік деген мәселе бар. Идентификация дейміз. Мен сізбен жақын тіл табысамын. Неге десеңіз, бізді ұлт біріктіреді. Қан мен дін біріктіреді. Егер сіз басқа мазхабта болсаңыз, мен сізді адам ретінде сыйлармын. Бірақ дін туралы айтқаныңызға қосылмауым мүмкін. Демек, бұл қоғамды жікке бөлуге апаратын шаруа.
Сол үшін салафизмнің дамуы екі тенденция, бірінші мұсылман қазақ дегенге балта шабады. Яғни, мұсылман қазақ деген ханафи мұсылман дегеннен бөлек, ханбалиі де, салафиі де бар деген сияқты. Екінші жағдайларда салфизмнің негізгі идеологиясы бойынша бұл араб құндылықтарын, қазақ дәстүріне, мәдениетіне қарсы бағыттайды. Мәселен, сәлем салуға, домбыра тартуға болмайды. Қабірге зиярат етуге ширк. Құран оқып, қол жаюға болмайды. Көрдіңіз бе, бұл жай ғана «Әмин» мәселесі емес.
Салафизмнің артында қаншама идеология жатыр. Егер салафизмге рұқсат берілсе, онда олар басқа нәрселерді де ашық айта бастайды. Мысалы, «Мен домбыраға қарсы шықсам, экономикаң құрып қала ма?» дейді. Мұның бәрі біздің құндылықтарға, мемлекеттік ұстанымға сәйкес келмейді. Бұлар айсбергтің бергі беті ғана. Ертең «Мемлекетің кәпір. Президентің намаз оқымайды. Кәпірдің артынан еруге болмайды» деген әңгімеге шығарса ше?!.
Ондай кезде не болады? Мемлекет құрдымға кетеді. Халық арасында хаус болады. Қазір саны аз болғасын, әрине, олар үндемей жүруі мүмкін. Көбейіп, мешіт ішіндегі 100 адамның 80 салафит болса, имамды қуып шығады. Әминді сырттан айтатын адамды имам қылып тағайындауға тырысады. Сол себепті қазір жүре берсін десек, кейін олар билікке қол жеткізгенде, мінезін көрсете бастайды. Кез келген жамағат, діни ұйым күшейгенде ғана шынайы бейнесін көрсетеді. Мемлекеттерде төңкеріс жасап жатқан діни ұйымдар аяқ асты пайда болған жоқ. Саяси, құқықтық статусқа ие болғаннан кейін мінез танытады.
Сондықтан ертерек қимылдау керек. Бұл көрініп тұрған нәрсе. Ал оның ар жағында не жатқанын идеологтар жақсы біледі. Оны мешіттегі қарапайым азамат білмейді. Тіпті, әминді сырттан айтып тұрған адамның өзі оны не үшін сырттан айтып тұрғанын түсінбеуі мүмкін. Оның астарында қандай саяси мүдде бар екенін аңғармайды. Сол себепті радикализмге заңды тұрғыда құқықтық баға беру керек. Осылай ді ұстаған азаматтардың бағытын анықтау керек.
Екіншіден, мемлекет бұл салаға жанашырлықпен қарауы керек. Яғни, иә, дұрыс біз плюрализмді, әралуандықты қолдаймыз. Ол құндылық. Ал халықтың дінге бөлінуі бұл құндылық емес. Бұл кейін мемлекеттің бөлінуне алып барады. Өйткені, діни бірлік, сол халықтың ауызбірлігіне қызмет етеді. Егер еркін жүрсе, кейін күшейгесін әркім өзінің билігін орнатқысы келеді. Сол кезде мемлекетте тыныштық бұзылады. Мұндайды Сириядан, Ирактан, Ливиядан көріп отырмыз...
- Әңгімеңізге рахмет.
Фото: интернеттен