Мәсімовтің сатылымға шығарылған зәулім сарайының бағасы арзандады
Алғашқы жарнасы 117,9 млн теңге

Кәрім Мәсімовтің елордадағы зәулім сарайы үшінші мәрте аукционға шығарылды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімовке тиесілі үйдің бастапқы бағасы бірінші рет саудаға шығарылған кезде 1,8 млрд теңгеге бағаланған еді. Ал қазір 1,6 млрд теңгеге дейін төмендетіліп отыр. Алғашқы жарнасы 117,9 млн теңгені құрайды. Өтінімдерді қабылдау 13 мамыр күні сағат 9:00–ге дейін жүргізіледі. Сол күні сағат 11:00–де сауда-саттық өтеді.
Зәулім сарай бұған дейін 25 ақпанда, одан кейін 12 наурызда сатылымға шығарылған еді. Алайда, ол кезде үйді сатып алушы табылмады.
Еске салайық, ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 2022 жылы 8 қаңтарда ұсталды.
ҰҚК таратқан мәлімет бойынша, Мәсімовтің премьер-министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілді.
Мәсімовтің ісі «аса құпия» белгісімен өтті. ол 18 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан қағылды.
Фото: e-auction.e-qazyna.kz