Министр аудиттен кейін дәрі-дәрмек бағасы төмендейтінін мәлімдеді

Үкімет отырысында дәрілік қамтуды мемлекеттік аудиттің нәтижелері талқыланды. Тексеру барысында тіркеуден бастап науқастарға дәрі беруге дейінгі барлық кезеңдерде көптеген заңбұзушылықтар анықталған, деп хабарлайды Malim.kz.
“Бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуы, жеткізудегі үзілістер мен сапасыз препараттарды қолдануға байланысты қауіп-қатерлерге жол беруге болмайды. Барлық анықталған заңбұзушылықтарға нақты құқықтық және басқарушылық жауап болуы тиіс. Халықты қолжетімді әрі сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет”, – деді Премьер-министрдің орынбасары Ермек Қошербаев.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрі-дәрмек саласын реформалауға арналған бірқатар шараларды таныстырды.
Олардың қатарында: шекті бағаларды төмендету, сатып алуды цифрландыру, жаңа дәрілердің нарыққа шығуын жеңілдету, пациенттерді дербес есепке алу жүйесін енгізу және госпитальдық фармация бөлімшелерін құру бар.
“Шекті бағаларды реттеудің жаңа тәртібі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберіндегі дәрілерге де, бөлшек саудадағы препараттарға да қатысты. Амбулаториялық және стационарлық емге арналған тегін дәрілердің бағасы 19%-ға дейін, ал дәріханалардағы бөлшек бағалар 30%-ға дейін төмендейді”, – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Есеп комитетінің қорытындыларына келіспейтінін мәлімдеген болатын.
Фото: Үкімет

Ең көп оқылған
