Қазақстанда АИ-92 бензинінің бағасы бекітілді

Энергетика министрлігі жанар-жағармай бағасының өсуіне уақытша мораторий енгізу тетігін түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, мораторийдің басты қағидасы — АИ-92 бензині мен дизель отынының бөлшек бағасын 2025 жылғы 16 қазанда әрбір жанармай құю станциялары желісінде қолданыста болған деңгейде бекіту.
Бұл ретте ел бойынша бірыңғай шекті баға енгізу қарастырылмаған.
Бүгінгі таңда ірі жанармай құю станциялары желілерінде АИ-92 бензинінің литрі 213–239 теңге, дизель отынының литрі 317–337 теңге аралығында сатылуда.
16 қазанда Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен (БҚДА) бірлесіп, ең ірі жанармай желілері мен көтерме жеткізушілердің қатысуымен кеңес өткізді. Кездесуде компания басшыларына Үкіметтің бағаның әрі қарай өсуіне жол бермеу жөніндегі нақты әрі біртұтас ұстанымы жеткізілді.
Энергетика министрлігі мораторийдің орындалуын бақылап, өңірлердегі әкімдіктер жанындағы ЖЖМ штабтарымен және нарық қатысушыларымен өзара жұмысты үйлестіреді. Жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында.
Фото: depositphotos.com