457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Айдар Алибаев: Мұнай бағасы екі есеге өсуі мүмкін

Дүйсенбі күні мұнай нарығындағы тұрақсыздық дүрлігу туғызды. АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс Brent маркалы мұнай бағасының күрт өсіп, бір баррелі 81,40 АҚШ долларына жетуіне себеп болды. Белгілі экономист Айдар Алибаевтың айтуынша, белгілі бір жағдайлар туындаса, мұнай бағасы барреліне 150 долларға дейін көтерілуі ықтимал. Бұл туралы ол Malim.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Қазақстанға бұл жағдай қалай әсер етеді деген сұраққа сарапшы бағаның өсуінен бұрын, ең маңыздысы – ел басшылығы қаржы ағынын қайда бағыттайтынын айтты.

«Бұл Қазақстанға қалай әсер ететінін нақты айту қиын. Біздің өмірімізге мұнай бағасынан гөрі, одан түскен табысты дұрыс пайдалану қабілетіміз көбірек әсер етеді. Жауапты ведомстволар мұны әрдайым дұрыс орындай бермейді. Бірінші кезекте осыны есте ұстауымыз керек», – деді Айдар Алибаев.

Сарапшы мұнай нарығындағы алдағы жағдай соғысқа қандай елдердің араласатынына байланысты болатынын атап өтті.

Мен бұл жағдайды “өсу күтіміндегі баға” деп сипаттар едім. Мұнай нарығы – тұрақсыз. Иран Ормуз бұғазын жабамыз деп сес көрсетті. Оларға бұл қиын емес. Бұғаздың ұзындығы небәрі 32 шақырым. Әлемдік теңіз мұнай және мұнай өнімдері саудасының төрттен бірі дәл осы жер арқылы өтеді. Егер оны шынымен жауып тастаса (АҚШ оған жол бермесе де), мұнай бағасы барреліне 150 долларға дейін шарықтауы мүмкін, – дейді ол.

Айдар Алибаевтың пікірінше, мұнай нарығының жақын арада тұрақтану ықтималдығы өте төмен.

«Қазір бәрі соншалықты болжам айту қиын, дегенмен болашақты болжауға тырыссақ, жорамал деңгейінен аспаймыз. Тараптар барлық шектен шығып кеткен. Жағдай тұрақталса, бәріне жақсы болар еді, бірақ бұған үміт аз», – деп қорытындылады сарапшы.

Фото: сарапшының жеке архиві