Еуропа Ресейдің мұнайы мен газынан бас тартпақ

Еуроодақ елдерінің тұрақты өкілдері Брюссельде REPowerEU бағдарламасы аясында Ресейдің энергия ресурстарынан бас тарту жоспарын талқылауға арналған құжат дайындады. Бұл мәселе 20 қазанда өтетін ЕО энергетика кеңесінде қаралады, деп хабарлайды Malim.kz DW агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Еуроодақтың дерлік барлық мемлекеті ресейлік газ импортына тыйым салу және бұл бағытта бірыңғай ұстаным қалыптастыру саяси мақсатын қолдаған. Алайда кейбір елдер тыйымның орындалуын бақылау тетіктерін жұмсартуды ұсынғанымен, көпшілік бұған қарсы шыққан.
Тұрақты өкілдер REPowerEU жоспарына қатысты пікірталасқа 15 қазанда қайта оралуы мүмкін, бірақ DW дерегінше, құжат қазіргі нұсқада еш өзгеріссіз энергетика министрлерінің қарауына жіберілу ықтимал.
Сол күні бұған дейін Reuters агенттігі дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап, ЕО елдерінің тұрақты өкілдері Ресейдің мұнайы мен газын 2028 жылға дейін импорттаудан толық бас тарту жоспарын мақұлдағанын хабарлады.
«8 қазанда жабық есік жағдайында өткен кездесуде ЕО елдерінің өкілдері ұсынылған заң жобасын 20 қазанда министрлерге мақұлдатуға жіберу туралы келісті», – деп жазды Reuters үш дипломаттың сөзіне сілтеме жасап.
REPowerEU жоспарына сәйкес:
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресей газын жаңа келісімшарттар бойынша (2025 жылғы 17 маусымнан кейін жасалған) импорттауға тыйым салынады;
2026 жылғы 17 маусымнан бастап қысқа мерзімді келісімдерге;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзақ мерзімді келісімдерге толық тыйым енгізіледі.
Сонымен қатар заң Венгрия мен Словакияны 2028 жылдан бастап ресейлік мұнай импортына кезең-кезеңімен тыйым салу жөніндегі ұлттық жоспар әзірлеуге міндеттейді.
Reuters еске салғандай, қазіргі таңда Венгрия, Франция және Бельгия әлі де Ресей газын импорттап отыр. Бұл үлес ЕО жалпы газ импортының шамамен 12 пайызын құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылы Ресейден жеткізілетін газ Еуроодақ импортының 45 пайызына тең болған.
Ресейлік энергия ресурстарынан бас тарту шарасы Мәскеуді Украинадағы соғысты қаржыландыруға мүмкіндік беретін маңызды табыс көзінен айыруды көздейді.
Фото: Adrien Fillon/ZUMA/picture alliance