«Ордабасы» футбол клубының экс-президенті 2,3 млрд теңге жымқырды деп айыпталуда

Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы ірі сыбайлас жемқорлық ісінің ортасында қалды, деп хабарлайды Malim.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Прокуратура мәліметінше, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке клубтың бұрынғы президенті Бауыржан Әбдубайытов ілінді.
Қадағалаушы органның дерегінше, Әбдубайытов басшылықта отырған кезінде футболшылармен келісімшарттарды директорлар кеңесінің мақұлдауынсыз бекітіп отырған. Тергеу мәліметінше, бұл келісімдер аясында ойыншыларға қомақты бонустар тағайындалып, нәтижесінде бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған. Жалпы сомасы – 2,3 миллиард теңге. Барлығы 21 осындай келісімшарт жасалғаны нақтыланды.
Бұдан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тағы бір қылмыстық істі тіркеді. Ол – қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау фактісі бойынша қозғалды. Бұл жолы сөз болып отырған сома – 1,2 миллиард теңге. Бұл қаражат Конференциялар лигасының екінші кезеңіне қатысу үшін бөлінгенімен, футболшыларға қосымша төлемдер мен клубтың салықтық берешегін өтеуге жұмсалғаны анықталды.
Қылмыстық істер ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігі және 362-бабының 1-бөлігі бойынша тергелуде. Іс материалдары сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне жолданды. Прокуратура мәліметінше, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу деректері жария етілмейді.
65 жастағы Бауыржан Әбдубайытов 2022 жылғы ақпанда «Ордабасы» клубының президенті болып тағайындалған. Бұған дейін ол Қазақстан футбол федерациясының әйелдер футболы комитетін басқарған және КФФ атқару комитетінің мүшесі болған. Сондай-ақ, ол «БИІК-Шымкент» әйелдер клубы мен футбол орталығына жетекшілік еткен. 2024 жылғы мамырда денсаулығына байланысты клуб президенті қызметінен кеткен.
Бұған дейін клубтың артық шығындары мен қаржылық міндеттемелері туралы ақпарат тараған болатын. «Ордабасы» футбол клубында жүргізілген тексеріс нәтижесінде қылмыстық іс қозғалған.
Фото: "Ордабасы" ФК

Ең көп оқылған
