Премьер-министр Олжас Бектенов: Басты міндет – тұрғындар қауіпсіздігі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен премьер-министр, Олжас Бектенов қазіргі кезде су тасқынына байланысты күрделі жағдай қалыптасқан Қостанай облысында жүр.

Үкімет басшысы су деңгейі Қостанай, Рудный қалалары, Б. Майлин, Денисовский, Жітіқара аудандарындағы жағдайға тікелей әсер ететін Тобыл өзенін тікұшақпен аралап көрді.
Су қоймаларының толу деңгейі шекті межеге жақындап келеді. Себебі қоймаға келіп жатқан су ауқымы өткізу көлемінен асып түседі.
Болжам бойынша, еріген қар суының және жоғарғы жақтан келетін судың есебінен қоймадағы су деңгейі тағы да көбейеді деп күтілуде. Салдарынан, Қостанай және Тобыл қалаларына іргелес аумақтарды су басуы мүмкін.
Олжас Бектенов басты міндет – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ол жағдайдың күрделенбеуі үшін жасалып жатқан шаралармен танысты.
Өңірде еріген қар суын өткізу мақсатында Қостанай қаласындағы кіші көпір ауданында жұмыс істемейтін жол төсемі ашылды, елді мекендерде арнайы бөгеттер салынып, еріген суларды басқа жаққа бұру үшін арықтар дайындалуда, топырақ толтырылған қапшықтар мен инертті материалдар төселіп, суды сору және басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қарасу және Тобыл өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Жұмыстар күшейтілген режимде жүргізілуде.
Өңірде су тасқыны кезеңі басталғаннан бері барлығы 3257 адам құтқарылды және эвакуацияланды, уақытша орналастыру пункттеріне 632 адам орналастырылған, қалғандары өз еркімен туыстары мен жақындарының үйіне баруға шешім қабылдады. Қосымша эвакуациялау және уақытша орналастыру пункттері толық дайындық режимінде.
Жағдай – тұрақты бақылауда.
Фото: Үкімет