Қазақстан түрмелерінде медициналық ахуал қандай?
Елімізде 78 мекемеде 37 706 адам қамауда отыр
Қазақстанда қамауда отырған белсенділер мен журналистер түрме, тергеу изоляторында медициналық көмек алу қиын екенін жиі айтады. Азаттық радиосы жариялаған мақалада белсенділер емханаға жанкештілікпен жетіп жатқаны айтылып, Қазақстан түрмелері мен тергеу изоляторларындағы 38 мыңдай адамның денсаулығы қалай екеніне шолу жасалған. Осы орайда Malim.kz мақаланы ықшамдап, назарларыңызға ұсынады.
Белгілі журналист Думан Мұхаммедкәрім Талдықорғандағы тергеу изоляторына қамалғалы бері бірнеше рет аштық жариялап, денсаулығы нашарлап кеткен. Әкесінің сөзінше, белсенді журналист 30 келі салмақ тастаған.
"Думанның денсаулығы нашарлап, екі бүйректен отыра алмайды, соттың өзінде де отыра алмады, түрегеп тұрды", – деді әкесі.
Думан Мұхаммедкәрім бүйрегі қатты ауыратынын айтып, емханаға жатқызуды сұраған. Бірақ тергеу изоляторына бірнеше рет келген жедел жәрдем ауруды басатын дәрі беріп, стационарлық емнің қажеті жоқ деп шешкен. Мұхаммедкәрім оған наразылық білдіріп, аштық жариялаған. Осыдан соң белсендінің жағдайын естіп, суретін көрген ондаған жақтасы прокуратураға барып, оның денсаулығына назар аударуды, емханаға не үйқамаққа жіберуді талап етіп, ұжымдық арыз жазды. Көп өтпей олардың талабы орындалып, Мұхаммедкәрім Қонаев қалалық ауруханасына жатқызылды.
Еліміздің ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің дерегінше, Қазақстан бойынша 78 мекемеде 37 706 адам қамауда отыр. Оның 3 мыңға жуығы әйел. Қамаудағылардың 30 мыңы мекемелерде, 7 мыңнан астамы тергеу изоляторында отыр.
Алматы облысы Жауғашты кентіндегі әйелдер түрмесіне қамалған белсенді, журналист Әйгерім Тілеужанның да медицина көмегін ала алмағаны министрліктерге, мәжіліс депутаттарына дейін жетті.
Биыл маусымның ортасында Әйгерім Тілеужанның анасы мен бір топ белсенді қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен денсаулық сақтау министрлігі өкілдеріне "мекеме Әйгерімді тісін жөндетуге алып барсын" деген талап қойған.
Белсенділермен жиын да мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи "Әйгерім Тілеужанның жағдайын мекемеден білдім, ол өзі зонаның ережесін бұзған" деген уәж айтты.
– Зонаның адамдарымен сөйлескенімде "Аға, олар бұл жерге санаторийға келген жоқ қой" деді. Әр мекеменің тәртібі бар, соны сақтауы керек. Әйгерім Тілеужанды емханаға шығарған екен, оны [жеке клиника] өз көлігімен тасыған. Бұл заңға қайшы, қамаудағы адам мекеме бекіткен арнайы көлікпен, қарауылмен жүруге тиіс екен, – деді депутат.
Оның сөзінше, Әйгерім Тілеужан мекемедегі медицина кабинетінде – ем алудан, ал ол шақыртқан тіс дәрігері ем жүргізуден бас тартқан.
Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Азаттыққа берген жауабында "елдегі 78 мекеменің бәрінде медициналық кабинет бар" деп жазды. Ал денсаулық сақтау министрлігі "дәрігерлік амбулаториялардың көбінің материалдық-техникалық базасы толық емес, медициналық жабық жеткіліксіз, ғимараттардың 80 пайызы күрделі және косметикалық жөндеуді талап етеді" деп мәлімдеді.
Қазақстандағы 78 мекемені ұстауға биыл мемлекеттік бюджеттен 70 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. 2023 жылы 76,5 миллиард теңге жұмсалған. Кейінгі төрт жылда түрмеге қамалғандар саны артып барады, демек оларды ұстау шығыны да өсе бермек. Жоғары аудиторлық палатаның кейінгі үш жылдағы республика бюджетінің атқарылуы жөніндегі есептерінде бөлінген қаржының қалай жұмсалғаны туралы ақпарат жоқ.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қамаудағы азаматтардың медицина көмегін алу туралы сұрақтарды денсаулық сақтау министрліге сілтеген. Шымкент тұрғыны Гүлшат Байназарова тергеу изоляторында дерті асқынып, ауруханада қайтыс болған ұлының өлімі үшін "әлі ешкім жауап бермеді" дейді.
Былтыр Шымкенттегі тергеу изоляторында 7 ай отырып, дерті асқынған Бейбарыс Сүлеймен былтыр қарашада ауруханада кісендеулі күйінде көз жұмды. Ол қант диабетімен ауырған. Анасының айтуынша, тергеу изоляторында дәрісі уақытында берілмеген. Дәрігер нұсқауы бойынша оған бір күнде 6 рет инсулин егілуі керек еді.
"Балам екі күн инсулин алмаған. Тергеу изоляторындағы медицина қызметкері "Бейбарысқа бір айға жететін инсулин алғыздым, қолына бердім" деді. Үйде жүргенде оның дәрісін тоңазытқышта сақтаймыз. Ал изоляторда 16 адам жататын тар камераның ішінде тұрған. Кейіннен ұлым ол дәрілердің мерзімі өтіп кеткенін айтты, – деді Гүлшат Байназарова Азаттық тілшісіне.
Ол кезде Бейбарыс Сүлеймен "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "заңсыз қару сақтады", "заңсыз ойын бизнесін" ұйымдастырды деген күдікпен тергелген.
"Бейбарыстың қанындағы қант мөлшері түспей жатыр, ертең бірдеңе болса, кім жауап береді?" деп изолятордағы санитарлық бөлімнің басшысына бардым. Ол "эндокринологты күтеміз, ол үш айда бір келеді" деді. Ұлымның емі уақытында жасалса, өлмейтін еді, – деді Гүлшат Байназарова.
Бейбарыстың қазасынан соң ауруханада қызметтік тексеріс жүргізіліп, анестезиолог-реаниматолог дәрігердің тиісті сертификаты жоқ екені анықталған. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, маман жұмыстан уақытша шеттетілген. Жансақтау бөлімінің тағы екі қызметкеріне сөгіс берілген.
Ал Алматы облысының Заречный кентіндегі №14 мекемеде екі көзі де көрмейтін, бірінші топ мүгедегі отыр. Адвокаты Жанар Балғабаеваның сөзінше, түрме ішінде мүгедектердің жүріп-тұруы қиын.
"Мекемеде зағип жандарға, тіпті арбаға таңылған адамдарға жағдай жасалмаған. Жүріп-тұруға арналған пандус та, тактильді жол да, арнайы сигнал да жоқ. Тіпті мекеменің бірінші топ мүгедектеріне, зағип адамдарға жағдай жасауға қаржы жетпейтінін жазған жауабы да бар", - деді адвокат Азаттыққа.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Азаттыққа берген жауабында бұл мекемеде мүгедектерге арналған камера жоқ екенін растады. Онда қазір мүгедектігі бар жеті адам отырғанын, оның екеуі бірінші топ мүгедегі екенін жазды. Бірінші топтағы мүгедек адамдарға өзге сотталған тұтқындардың арасынан көмекші тағайындалған.
"Ерекше талаптар болған жағдайда мекеменің медициналық бөлігіне орналастырылады. Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы №512 бұйрығына және ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес күтімді жүзеге асыру үшін мүгедектігі бар адамдарға сотталғандар қатарынан адам бекітіледі. Бұл норма мүлтіксіз сақталады және мүгедек адамдардың қажетін жеткізіп, күнделікті қызмет көрсетеді, мәселелерін шешеді. Бірінші топтағы мүгедектігі бар сотталған адамның бәрі №7 А нормасына сәйкес қосымша тамақ алады. Мүгедектігі бар адамдарға қатысты сотталғандардың осы санаты үшін жатақханада жағдай жасалған, бұдан басқа қажетті көмек көрсететін санитар (сотталғандар қатарынан) ресми негізде жұмысқа орналастырылған", – делінген комитет төрағасының бірінші орынбасары Абай Қайырбеков қол қойған жауапта.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің дерегінше, былтыр республика мекемелерінде жиыны 119 адам қайтыс болған. 2022 жылы – 133, 2021 жылы – 134, 2020 жылы – 127 адам жабық мекемеде жан тапсырған. Олардың көбі аурудан өлген. Өлімге себеп болатын ең көп кездесетін аурулар: жүрек-қан тамыры, онкология, соматика аурулары және ми, қан айналымының бұзылуы.
Фото: Алматы қаласы бойынша ҚАЖД