Қызметкерлерін рогаткамен атқан полиция басшысы қызметінен кетті

Әлеуметтік желілерде бейнебақылау камераларынан алынған қызықты жазбалар тарады. Бұл кадрлар Абай облысына қарасты Шар қаласындағы полиция бөлімшесінің ішінде және кіреберісінде түсірілген, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бейнежазбада қарапайым киімдегі ер адам рогаткаға ұқсас құралмен полицей формасын киген адамдарға қарай атады. Ал полицейлер болса, оған ешқандай қарсылық көрсетпестен, жан-жаққа қашып жүр. Басында бұл көрініс балақайлардың ойыны секілді көрінгенімен, видеодағы кейіпкерлер – ересек адамдар, кейбірі қызметтік міндетін атқарып жүрген тәртіп сақшылары.
Жазба авторының айтуынша, рогатка ұстаған адам – полиция бөлімінің подполковник шеніндегі басшысы. Ол осылайша бағынышты қызметкерлерін «тәрбиелейтін» көрінеді.
«Металл шариктермен нысанаға атқандай бағыныштыларын рогаткамен атады. Күледі. Мұны рахаттанып істейді. Бұл тәрбиелеу ме? Бұл – билікке мас болу», – делінген жазбада.
Абай облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиғаға байланысты ішкі қызметтік тексеріс тағайындалған.
«Абай облысы полиция департаментінің жеке құрам инспекциясы оқиға орнына барып, қызметтік тергеу жүргізуде. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданатын болады», – деп хабарлады ведомство.
Фото: видеодан кадр

Ең көп оқылған
