1991-2022. Қазақстан президенті болғысы келгендер

Президент сайлауы  20 қарашада  өтеді

Олжас Қасым

  • 28.09.2022

Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы  20 қарашада  өтеді. Бұл Саяси науқанға қатысамын  дейтіндер көріне бастады. Солардың бірі - «Азат» қозғалысының, «Қазақ елі» коалициясының төрағасы, 73 жастағы Қасен Қожахмет.   Ол өз бағдарламасында Қаңтар қырғынына қатысты біраз шындықтың бетін ашам деп отыр. Және бұған дейін саяси, азаматтық көзқарасы үшін ұсталған, қамалған азаматтарды босатам деді. Ол қалған  ұсыныстары мен толықтыруларын халықпен кездесу кезінде айтамын дейді. Бірақ, Хасен Қожахмет бұған дейін бірнеше рет президенттікке үміткер ретінде тіркелуге талпынған. Алайда, оны кандидат ретінде тіркемеді.  Ал бұған дейінгі Президент сайлауларында кім үміткер болып еді? Тізіп көрейік. 


1991 жыл.  Сол жылы 1-желтоқсан күні Қазақстан тарихында тұңғыш рет жалпыхалықтық президент сайлауы өтті. Бұл сайлауда Назарбаев тағы да баламасыз үміткер болды.  

1991 жыл. Қазақ ССР Президенті Н.Назарбаев 

Бастапқыда, сайлауға 3  кандидат түсіп, баламалы сайлау өтетін болған: президенттікке кандидаттар  – ақын, «Невада-Семей» қозғалысының лидері Олжас Сүлейменов, үшіншісі – диссидент, желтоқсаншы қоғам қайраткері Хасен Қожахмет. Бірақ, Олжас Сүлейменов сайлауға қатысудан бас тартты, ал Хасен Қожахмет «халықтан тиісті мөлшерде қол жинай алмағандықтаны» себепті Орталық сайлау комитеті оны үміткерлер тізімінен сызып тастады.

Назарбаев өз өзіне дауыс беріп, Қазақ ССР Президенті атанды. Ресми мәліметке сүйенсек, алғашқы бүкілхалықтық президент сайлауына республика азаматтарының 88,2 пайызы қатысып, олардың 98,7 пайызы Назарбаевты қолдады.

Президент сайлауынан соң, 1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан бұрынғы Совет одағы құрамындағы республикалардың ең соңынан егемендігін жария етті.

1995 жылы 29 сәуір күні Назарбаевтың президенттік өкілетін 2000 жылғы желтоқсанның 1-іне дейін ұзарту жөнінде бүкілхалықтық референдум өтті. Референдумды Президент Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған Қазақстан халықтары ассамблеясы көтерген еді.  Ресми мәліметке сай, саяси науқанға сайлаушылардың 91,26 пайызы қатысып,  дауыс берді.  Нәтиже бойынша, азаматтардың 95,46 пайызы Назарбаевтың өкілетін ұзартуды жақтаған. Бұдан соң елімізде президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу және референдум жасау айнымас «дәстүрге» айналды.

1995 жылдың 30 тамызында Қазақстанда жалпыхалықтық референдум өткізіліп,  жаңа Конституция қабылданды. Мемлекеттің басты құжатында президент республикалық сайлау арқылы 5 жылға сайланатыны жазылды. Бұдан бөлек, президент туғаннан бастап Қазақстан азаматы болуға тиіс, 35 жастан кіші емес және 65 жастан үлкен болмауы керектігі заңмен бекітілді.  Сондай-ақ, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, Қазақстанда кем дегенде 15 жыл тұруы қажеттігі айқындалды. Бір адам қатарынан екі мерзімнен артық сайлана алмайды деген де қағида болды.

1998 жылдың 7 қазанында Қазақстан Конституциясына бірқатар өзгерту енгізіліп, президенттің өкілеттілігі 7 жылға дейін ұзартылып, билік басында отыратын мерзімге белгіленген шектеу алынып тасталды. Бұған қоса, президенттікке үміткердің жасы «65-тен аспауы тиіс» деген талаптың күші жойылды.

1999 жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда екінші жалпыхалықтық сайлау өтті. Саяси науқан кезектен тыс болды.   Президентікке тәуелсіз кандидат Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан коммунистік партиясының өкілі Серікболсын Әбділдин, тәуелсіз үміткер Ғани Қасымов және Қазақстанның халық бірлігі партиясынан Энгельс Ғаббасов қатысты. Шешуші кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев – 81,75 процент дауыс, Серікболсын Әбділдин – 12,08 процент, Ғани Қасымов – 4,72 процент, Энгельс Ғаббасов 0,78 процент дауыс жинады. 

Бұл сайлауда Назарбаевпен шындап бәсекелескен Әбділдин еді. Ол еліміздің батыс өңірлерінде көп дауыс алды. Әбділдин  БАҚ-қа берген сұхбаттарында , «бірнеше облыста Назарбаевтан көп дауыс жинадым» деп айтып жүрді. 

1991 жыл. Президен сайлауына үміткер С.Әбділдин 

2000 жылдың маусымында Конституциялық кеңес бұл президенттік мерзімді Назарбаев үшін тұңғыш деп белгіледі. Өйткені осыған дейінгі сайлаулар ескі конституциялар бойынша өткізілген болатын.

Араға бес жыл салып 2005 жылдың 4 желтоқсанында Қазақстан президентінің үшінші жалпыхалықтық кезекті сайлауы өтті. Нұрсұлтан Назарбаев  сайлаушылардың  91,15% дауысын жинады. Бәсекелес үміткерлер – «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының  көшбасшысы  Жармахан Тұяқбай,  «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов,  мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов  және «Табиғат» экологиялық ұйымының көшбасшысы Мэлс Елеусізов болды. 

2005 жыл. Президен сайлауына кандидат Ж.Тұяқбай 

Президенттің келесі сайлауы 2012 жылы өтуі керек еді, Ерлан Сыдықов бастаған белсенділер Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылға дейін референдум арқылы ұзартуды ұсынды.

Бірақ, Назарбаев бұл бастаманы құптамады. Ерекше ұсыныс көтерген Сыдықов еліміздегі көшбасшы оқу орнының бірі Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры болып тағайындалды. 

2011 жылдың 2 ақпанында Конституцияға өзгерістер еніп, президентке кезектен тыс сайлау жариялауға құқық берілді.

2011 жылдың 3 сәуірінде кезектен тыс сайлау өткізілді. Бұл негізінен 2012 жылға жоспарланған президенттік сайлау еді.  Назарбаевпен бірге Президенттікке  Қазақстан коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы Жамбыл Ахметбеков, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы және Сенат депутаты Ғани Қасымов және «Табиғат» экологиялық ұйымының басшысы Мэлс Елеусізов түсіп көрді. Нәтижесінде Назарбаев төртінші мерзімге президент болып қайта сайланды. Ол 95,55% дауыс жинады. Екінші орынға 1,94% дауыспен Ғани Қасымов жайғасты. Дауыс беруге 89,99% сайлаушы келді.

2011 жыл. Президент сайлауына үміткер Ғ.Қасымов 

2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс президент сайлауы өтті.  Сайлауға Нұрсұлтан Назарбаев,  Коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов, кәсіподақтар федерациясының төрағасы, өзін-өзі ұсынушы Әбілғазы Құсайынов қатысты.   Назарбаев сайлаушылардың 97,75% дауысын алды. Тұрғын Сыздықов 1,61%, Әбілғазы Құсайынов 0,64% жинады.

2019 жылы 5 ақпан күні Назарбаев Президенттіктен кететінін мәлімдеп, орнына сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты уақытша президент етіп қалдырды. 

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы  2019 жылы 9 маусымда өтті.  Сайлауда уақытша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге 6 кандидат бақ сынап көрді. Олар:  «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысының тең төрағасы   Сәдібек Түгел, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының атынан Амангелді Таспихов, «Ақ жол» партиясынан  Дания Еспаева, «Ауыл» партиясының атынан Төлеутай Рақымбеков,   Қазақстан коммунистік халық партиясының өкілі  Жамбыл Ахметбеков, «Ұлт тағдыры» қозғалысының үміткері Әміржан Қосанов.    

Тоқаев бұл сайлауда 70,96 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Тоқаевтың алты қарсыласының ішінде «Ұлт тағдыры» патриоттық қозғалысының атынан бәсекеге түсіп, өзін оппозицияшыл кандидат ретінде көрсеткен Әміржан Қосанов ерекше «қайрат» көрсетіп бақты. Соңынан бір қауым елді ертті.  16,23 пайыз дауыс алған ол мәрені екінші болып кесті.   

2019 жылғы Президент сайлауында жеңіске жеткен Қ.Тоқаев 

Тәуелсіздік жылдарында Назарбаевтың бірде-бір қарсыласы мұндай көрсеткішке жетпеген еді.   Бірақ,  оппозициялық кандидат Қосанов жеңілісін ерте мойындап, ең бірінші болып Тоқаевты жеңісімен құттықтады. Бұл оны қолдаушылардың ашу-ызасын туғызды. «Айды аспанға шығарамын» деген Әміржаннан үміт күткендер ақыры ауызы күйгендер «Қосанов - биліктің қуыршағы» деп әбден түңілді. Оның шашбауын көтеріп, қосшысы болып жүрген айтыскер Ринат Зайытов, қоғам белсендісі Дәурен Бабамұратовтар әп сәтте сырт айналды.  

Саяси сахнадағы «нокауттан» соң ұзақ уақыт тым-тырыс қалған Қосанов кейінгі уақытта қайта белсене бастады. Ол жақында кезектен тыс сайлауға қатысқысы келетінін айтып, «президенттікке ұсынылып, тіркелуге мен дайын. Өйткені, тіркелу үшін заң жағынан мінсізбін» деді. Сөйтіп саясаткер  әлі де «біратары» бар екенін көрсеткісі келетінін айтып бақты.

Бұған дейін Назарбаев пен Тоқаевқа бәсекелес боламыз деген  кандидаттардың қандай көрсеткіш көрсеткенін білеміз. Күні кеше Президент Тоқаев: «Сайлауды заңға сәйкес әділ және ашық өткіземіз» деп уәде етті. Не де болса, осы жолы оң өзгеріс болады деп үміттенейік.  Бір қызығы, Жаңа Қазақстан кезеңінде бүгінгі Президент сайлауды ескі Қазақстанда айнымас «дәстүрге» айналған  мерзімінен бұрын өткізуден алшақтамады.       

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің басындағы жолдауында кезектен тыс президент сайлауын өткізуді жоспарлап отырғанын, өзінің де қатысуға дайын екенін айтқан. Сайлаудың уақыты 20 қарашаға белгіленді. Одан кейін Конституцияға тағы бір өзгеріс енгізіліп, Қазақстан президенті 7 жылдық бір мерзімге сайланатын болып бекітілді. Бұл өзгерістер қоғамда көп әңгіме  тудырды.