457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Ерлан Қарин: Ауыл әкімдерін тікелей сайлау – мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың жарқын үлгісі

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмінің тиімдігі туралы жазба жариялады,- деп хабарлайды Malim.kz.


Соңғы бес жылда Қазақстанда саяси реформалардың жаңа кезеңі басталып, халық пен билік арасындағы байланыс нығая түсті. Бұл өзгерістердің басты көрсеткіші – ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесінің енгізілуі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бұл реформа бүгінгі күні мемлекеттік басқару жүйесінің жаңаруына серпін беріп отыр.

2021 жылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде ауыл әкімдерін тікелей сайлау кезең-кезеңімен жүзеге асты. Осы жылдар аралығында барлығы 2 969 ауыл әкімі сайланып, 100 пайыз әкімдер корпусы жаңартылды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, бұл – ел тарихындағы бұрын-соңды болмаған ірі өзгеріс.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бес жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі енгізілді. Соның нәтижесінде, кейінгі жылдары ауыл әкімдерінің корпусы 100 пайыз жаңартылды», – дейді Ерлан Қарин.

Сайланған әкімдердің ішінде 864-і – өзін-өзі ұсынған азаматтар. Ал 283 әкім – әйелдер, бұл өз кезегінде гендерлік теңдік пен әйелдердің шешім қабылдау процесіне белсенді араласуына жол ашып отыр. Тағы бір маңызды жайт – жаңа әкімдердің көпшілігі бұрын мемлекеттік қызметте болмаған. Олардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, шаруалар, кәсіпкерлер, сондай-ақ жергілікті кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшылары бар.

«Жаңа әкімдердің басым бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемегенін айта кету керек. Халық сеніміне ие болған азаматтардың арасында түрлі сала өкілдері бар», – дейді Ерлан Қарин.

Бүгінде ауыл әкімдерінің орташа жасы – 44 жас. Бұл көрсеткіш әкімдердің құрамында тәжірибесі бар әрі заманауи ойлайтын, белсенді азаматтардың көбейгенін білдіреді. Жаңа толқын ауылды дамытуға жаңа көзқарас пен тың серпін алып келуде.

Саяси реформалар тек ауыл деңгейінде ғана шектеліп отырған жоқ. Былтыр пилоттық режимде 45 аудан әкімі сайланды. Ал биылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей дауыс беру арқылы сайлана бастайды. Бұл – жергілікті басқару жүйесін одан әрі демократияландырудың нақты қадамы.

«Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үдерісі жалғасып жатыр. Алдағы уақытта аудан мен қала әкімдерін сайлау тұрақты түрде өткізіледі», – деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.

Қорытындылай келе, тікелей сайлау арқылы әкімдер корпусының жаңаруы – халықтың билікке деген сенімін арттырып, жергілікті мәселелерді шешуде тұрғындардың қатысуын қамтамасыз ететін маңызды қадам. Бұл – еліміздегі саяси реформалардың нақты нәтижесі мен халық мүддесіне бағытталған шешімдердің айғағы.

Фото: Ақорда