G7: Солтүстік Корея соғысты ушықтырып отыр
Фото: РБК
«Үлкен жетілік» – АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция және Жапония елдерімен бірге Австралия, Жаңа Зеландия мен Оңтүстік Корея да Кремль мен Пхеньян арасындағы әскери ынтымақтастықты айыптайтын мәлімдемені қолдады. Бұл туралы "Америка дауысы" хабарлады.
Австралия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Жаңа Зеландия, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония және Еуроодақ өкілдері КХДР мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастықтың артуын, оның ішінде КХДР әскери күштерінің Ресейде Украинаға қарсы әскери іс-әрекеттерге қатысу үшін орналастырылуын айыптады.
«КХДР-дің Ресейдің Украинаға қарсы агрессиялық соғысына тікелей араласуы қақтығыстың қауіпті түрде ұлғаюына алып келеді, бұл Еуропа мен Индо-Тынық мұхит аймағының қауіпсіздігіне айтарлықтай зардабын тигізеді», – делінген АҚШ Мемлекеттік департаменті жариялаған аталған елдердің сыртқы істер министрлерінің бірлескен мәлімдемесінде.
«КХДР-дің Ресейге баллистикалық зымырандар, артиллериялық снарядтар мен басқа әскери материалдарды Украинаға қарсы қолдану үшін жеткізуі және Ресейдің КХДР әскери қызметшілерін қару-жарақ пен оған қатысты материалдармен дайындауы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 1718 (2006), 1874 (2009) және 2270 (2016) қарарларын ашық түрде бұзғанын көрсетеді».
Құжатта Солтүстік Корея билігін Ресейге кез келген көмек көрсетуді дереу тоқтатуға шақырды.
«Біз Ресейді Украинаға қарсы агрессиялық соғысты дереу тоқтатуға және КХДР-мен әскери ынтымақтастықты тоқтатуға шақырамыз», – делінген мәлімдемеде. «Біз халықаралық қауымдастықты біздің үндеуімізге қосылуға шақырамыз және КХДР мен Ресей арасындағы серіктестіктен туындайтын қауіптерге жауап беру үшін экономикалық санкциялар енгізу арқылы үйлесімді әрекет етуді жалғастыра береміз», – делінген.