Wall Street Journal: Америка көмектеспесе, Украинада қару-жарақ тапшылығы басталады

Егер АҚШ-тың әскери көмегі тоқтаса, Украина жазға дейін қару-жарақ пен оқ-дәріден тапшылық көре бастайды, деп жазады Wall Street Journal.
Wall Street Journal газетінің хабарлауынша, Байден әкімшілігі Украинаға жіберген немесе тапсырыс берілген ірі қару-жарақ пен оқ-дәрі партиялары 2025 жылдың жазына дейін жеткілікті болады.
Бұл туралы АҚШ Қорғаныс министрінің бұрынғы көмекшісі Селест Уолландер айтты. Украиналық әскери сарапшы Николай Белесков та осы пікірмен келіседі, оның айтуынша, бұл қорды үнемді пайдалану арқылы бір жылға дейін созуға болады.
Аты аталмаған Украина президентінің көмекшісі басылымға берген сұхбатында, егер АҚШ-тың әскери көмегі толығымен тоқтатылса, бұл «ең нашар сценарий» болатынын айтты, алайда қазірге ондай жайт болған жоқ. Мұндай сәтте Украина өз өндірісін арттыруға мәжбүр болады және Еуропа елдердің көмегіне сүйенуіне тура келеді.
Wall Street Journal басылымы «Еуропа қару-жарақты толықтыруға дайын» деп жазды. Газеттің еуропалық дереккөздерінің айтуынша, 2024 жылы Еуропа Одағы, Ұлыбритания және Норвегия Украинаға жалпы құны 25 миллиард доллар тұратын қару-жарақ пен оқ-дәрі жіберген, бұл өткен жылы АҚШ-тан келген қару-жарақтан көп.
Одан бөлек, Еуропа көмек көлемін жылына 30 миллиард долларға дейін ұлғайту туралы талқылап жатыр және артиллериялық снарядтар өндіруді «едәуір» арттырды. Өткен жылы ЕО елдері 1,4 миллион снаряд өндірсе, биыл 2 миллион снаряд шығаруды жоспарлап отыр. Ал АҚШ Украинаға үш жыл ішінде 3 миллион снаряд жіберген. WSJ дереккөздерінің айтуынша, қазіргі кезде Украинаның өзі жылына2,5 миллион дана артиллериялық және миномет снарядтарын өндіреді.
Дегенмен, кейбір қаруларды қысқа мерзімде толықтыру мүмкін емес, себебі Еуропада олар жеткілікті мөлшерде өндірілмейді, ал кейбір түрлері мүлде өндірілмейді. Мәселенки, Ресейдің баллистикалық зымырандарын атып түсіруге қабілетті Patriot зениттік-зымыран кешендері мен ұзақ қашықтыққа ұшатын ATACMS баллистикалық зымырандарын өндіру тапшы.
Фото: ВВС