«Оларды көшіріп жіберген пайдалы» – Аудан әкімі Назарбаев пен Тоқаев саясатын қолдамайды
Қазақстанда осыдан кейін «демократия жоқ» деп айтуға ауыз бармайды. «Жаңа Қазақстанға» бәрінен бұрын Солтүстік Қазақстан өтіп алған сияқты...

«Бізге тұрғындардың көп болғаны керек емес. Одан да оларды көшіріп жіберген пайдалы». Бұл сөзді Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының әкімі Марат Ескендіров Обожаю телеграмм-арнасына берген сұхбатында айтты.
«Бізге көп тұрғынның керегі жоқ. Біз ылғи Канадамен, батыспен теңескіміз келеді ғой? Ол жақта [қалада] 5 пайыз халық тұрады. Бізде 40 пайыз халық ауылда тұрады, келісем, тарихи тұрғыда солай қалыптасты», - деп бір тоқтайды әкім.
Бұдан ары журналист пен әкімнің арасындағы шағын диалог былай өрбиді:
- Сіз ауылдық жерлерде халықтың аз тұрғанын қалайсыз ба?
- Урбанизация болады. Мен оны қалаймын ба, жоқ па, бұл солай болады.
- Яғни, сіз солай болғанын дұрыс деп есептейсіз ғой?
- Қазіргі уақытта иә. Бізге екі үйге коммуникация тартып беру өте қымбатқа түседі. Жол, жарық, су, т.б. Меніңше, оларды көшіріп жіберген арзанға түседі.
Солтүстік Қазақстан облысы – демографиялық жағдайы нашар облыс саналады. «Оңтүстіктен солтүстікке көш»; «Жұмыспен қамтудың ең тиімді жолы»; «Көш бастау оңай емес»; «Солтүстікке көш, ағайын» секілді түрлі лозунгтар мен науқандық ұрандарға, мыңдаған мақалаға арқау болған 2013 жылы іске қосылған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы, кейін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы (2017-2021жж.) арқылы бұл аймақ адамға толып, шалқып-толқып отыруға тиіс еді.
Билікшілі бар, басқасы бар, біраз сарапшы «бұл тек экономикалық тұрғыда ғана емес, солтүстік өңірді қазақыландыру тұрғысында да өте тиімді жоба» деп, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратег саясаткер екенін айтып тауыса алмаған. Бұл бумның келесі кезеңі екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті жолдауынан кейін тағы қайталанған. Солтүстікке көш мәселесі алдымен Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы "Қазақстан-2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты жолдауында; одан кейін президент Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты жолдауында айтылған. Және аралық кезең – Назарбаев президент болып тұрған 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында да бекітілген.
Жамбыл ауданы 2019 жылғы санақ бойынша 19 447 тұрғыны бар аудан. 13 ауылдық округтен тұрады, жер көлемі 7 470 км². Негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Аудан әкімінің көшіріп жіберу керек деп ауырсынып жүргені 13 ауылдық округке 53 ауыл кіреді. Соның әрқайсысына адам толтыру мүмкін болмағасын, оларды көшіріп жіберіп, коммуникацияға кететін шығынды азайтқысы келген сияқты. Бірақ, осы сөзі арқылы осы бағдарламаның негізгі авторы Назарбаевты, оны ары қарай ілгерілетуші Тоқаевты және сол бағдарлама бойынша біраз жұмыс істеп, есеп берген (қоғам сынына қалған) СҚО әкімі Құмар Ақсақаловты және Тоқаев бастамасымен өткен Конституцияға өзгеріс енгізу туралы референдумға қатысқан 75%-дың ішінде "иә" деп, қолдап дауыс берген 81% облыс тұрғындарын өтірікші жасап қоямын-ау деп ойламаса керек.
Құмар Ақсақалов 30 маусым күні ғана астанаға барып, орталық коммуникациялар қызметінде берген есебінде өңірдегі жолдың 81 пайызы жақсы жол екенін, 2026 жылға дейін 100% ауылдарға су тартып болатынын айтқан. Егер, мәселені көшіріп жіберу арқылы шешетін жоспары болса, бұл мәселені 2026 емес, екі жылда-ақ шешіп тастайын деп тұр. Өйткені, Ақсақаловтың есебінше, қазірдің өзінде облыс тұрғындарының 84%-ы ауызсумен қамтамасыз етіліп қойған.
Қазақстанда осыдан кейін «демократия жоқ» деп айтуға ауыз бармайды... Өйткені, аудан әкімі өзінің жеке пікірі ретінде «Солтүстіктегі ауылдардан адамдарды көшіріп жіберген тиімді» деген пікір айта алады. Бұрынғысы бар, қазіргісі бар, президенттер Солтүстікке көшу туралы айтады, мемлекеттік бағдарлама жасайды, бірақ, басқа емес, атқарушы билік өкілі, мемлекеттік қызметкер бұған қарама-қарсы пікір білдіреді. «Жаңа Қазақстанға» бәрінен бұрын Солтүстік Қазақстан өтіп алған сияқты...